Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оған кеңес төрағасы Еділ Жаңбыршин төрағалық етіп, Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев, өңірлік кеңестің, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Кездесуде кәсіпкерлер палатасының іскерлік ортасын жақсарту, бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері қаралды.
Өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы жайында Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев өз баяндамасында тоқталып өтті.
2021 жылдың 8 айында кәсіпкерлер палатасына келіп түскен өтініштердің жалпы санының 78,4% кәсіпкерлердің құқықтарын толық көлемде қорғадық. Палатаның қолдауымен кәсіпкерлердің 2,5 млрд. теңге сомасындағы экономикалық шығындарының алдын алды. Негізгі өтініштер-жер, мемлекеттік сатып алулар, салықтық тексерулер және басқалар. 5 жыл ішінде 6 595 адам оқытылды , оның ішінде 2058 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған, 3100 жұмыс орны құрылды. Ал, 2021 жылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша республикалық бюджеттен 764 тыңдаушы оқытылды. Жергілікті бюджеттен қосымша 230 тыңдаушы, облыс бойынша барлығы 994 жұмыссыз тұрғын оқытылды. Жыл басында республикалық бюджет шеңберінде оқыту жоспары 750 адамды құрады, жергілікті бюджеттен 230 адам оқытылып, сөйтіп жспар 102% орындалды, - дейді Рашит Тұранұлы.
Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаеваның айтуынша, Маңғыстауда «Бизнестің жол картасы-2025» бойынша, 1525 жоба бар. Оларға 32,5 млрд теңге несие берілді. Ал «Еңбек» бағдарламасымен 499,7 млн тг берілді. Ақтауда 29, Жаңаөзенде 21 кәсіп ашылды. «Бастау бизнес» жобасымен 994 жұмыссызға 262,7 млн теңге несие беріліп, кәсіптерін ашты.
Кездесуде кәсіпкерлер палатасының билік пен бизнес ортасында «алтын көпір» болу міндетін одан әрі нығайту жайы айтылды. Кеңес отырысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Мұсабаев Каспий теңізі жағасында туризмді дамыту үшін атышулы бес жұлдызды қонақ үйлерге үлкен мүмкіндік жасалып отырғанын тілге тиек етті. Ал, жергілікті кәсіпкерлердің көрші тұрған демалыс орындары «көлеңкеде» қалып, тең жағдай жасалмай отырғанын алға тартты. Ірі демалыс орындарында демалуға қарапайым халықтың қалтасы көтермейді, сондықтан да жергілікті кәсіпкерлердің қолжетімді демалыс аймағын да дамыту қажет деді. Әсіресе, ауыз су қиындығын тартқан бизнеске арнайы экономикалық аймақтың жеңілдігін беруді сұрады.
Бүгінде облыста 54 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, ал жұмыспен қамтылған халық саны 116 876 адамды құрайды. Жыл басынан бері өңір экономикасына 291,4 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 50% - дан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі.
Елдегі орын алған пандемияның күрделі жағдайына қарамастан Үкімет қабылдаған тиімді іс-шаралардың арқасында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалады.
Кездесу барысында кәсіпкерлер шешуді қажет ететін бірқатар мәселелерді ортаға салды. Бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыс, ауыл шаруашылығы, іскерлік ортаны жақсарту және әкімшілік тарапынан туындайтын кедергілерді жою мәселелері талқыланды. Жиын соңында көтерілген мәселелер бойынша Нұрлан Ноғаев бірқатар жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің өтініші бойынша бизнес субъектілерінің «бір терезе» қағидатын оңтайландыру мақсатында Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасын «Атамекен» ӨКП ғимаратына көшіру туралы шешім қабылданды.
Мен сіздердің белсенділіктеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Бәріміз бірлесіп өңірдегі бизнес ортаны дамытуға оң серпін бере алатынымызға сенімдімін. Жергілікті атқарушы органның өзекті мәселелерді шешуге арналған жоспары бар. Алғашқы аппараттық жиында тұрғындарды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету, қыс мезгіліне шаруаларға жем-шөп базасын дайындау, жылыту маусымына дайындық мәселелері мен өңірдің эпидемиологиялық ахуалы көтерілді. Бізде «Қазақстан темір жолы» және жем өндірушілермен келісім шар жасақталған. Ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайын жақсарту және басқа да мәселелер бойынша ұсыныс бар. Менің ойымша, әрбір мәселе жүйелі түрде шешілуі тиіс, біз «өрт сөндірумен» айналыспауымыз керек, - деп қорытындылады Нұрлан Ноғаев.
Өңірлік кеңес отырысында бизнесте шешімін табуы тиіс бірқатар мәселе бар екенін атап өтті. Бизнес өкілдерінің мүмкіндігін пайдалана отырып, жағдайды жақсартуға болады. 2-деңгейлі банк қаражатын бизнес үшін қолжетімді ету қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды жетілдіру маңызды екені баса айтылды.
Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төраймы Сәуле Салихова Каспий теңізі жағасынан қолөнершілер орталығын ашуды ұсынды. Туризм мен ұлттық өнерді қабыстыру қажет. Туристер Маңғыстаудың қолөнер ерекшелігін, қазақтың салт-дәстүрін көріп, кәде сыйларды жасатып немесе дайын күйінде алуға мүмкіндік болады. Әрі ежелгі жәдігерлері білетін шеберлерден біршама шәкірт дайындап алуға жағдай болады, - деді ол.
Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин жиналысты түйіндеп, Өңірлік кәсіпкерлер палатасында көтерілген жаңбырды жаудыру әдісі қолдау тауып, тиісті компаниямен келісімшарт жасалып жатқанын хабардар етті.
Отандық инвестицияны туризмге тарту үшін жергілікті бизнестің жер телімдерін «Ақтау порты» арнайы экономикалық аймақтың территориясына кіргізу және сол жерлерге инфрақұрылым тарту, олардың күш-қуатын көбейту, жеңіл өнеркәсіпке арналған индустриялық аймақты құру, жем-шөпке кететін көлік шығындарына жеңілдік жасауға нақты ұсыныстар берілді. Біз де билікпен жоспарлы, жүйелі қызмет атқаратын боламыз, - деді Еділ Терекбайұлы.
Басқосу соңында билік пен бизнес жылына бірнеше мәрте кездесіп, ашық талқылау жасап тұруға уағдаласты.