Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде "Атамекен" микроқаржы ұйымының директоры Ботагөз Сынабаева мәлім етті.
«Атамекен» Микроқаржы ұйымы биыл облыс кәсіпкерлеріне 1 млрд 200 млн теңге несие беруге дайын. Бұл микроқаржы ұйымы тарихындағы ең көп бөлініп отырған қаражат. Оның 1 млрд теңгесі «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығысы келетін азаматтарға беріледі. Ал қалған 200 млн теңге микроқаржы ұйымының өз қаржысы болып саналады. Оны кәсібін кеңейтемін деген іскер жандар алуға болады. Мұндай несиелерді бұрын тек ауыл кәсіпкерлері алып келген болса, енді Ақтау қаласының бизнес өкілдері де өтініш бере алады», деді Ботагөз Сынабаева.
Спикердің сөзіне сүйенсек, 5 жылдан аса уақыт ішінде микроқаржы ұйымы 2 500 млрд теңгеге 461 жобаны қаржыландырды. Нәтижесінде 775 кәсіпкер өз жұмысын бастаған. Қазір өңір бойынша несие алғысы келетін 55 кәсіпкерден өтініш түскен. Олардан 350 млн теңге сұраныс қабылданды. Осы жылы 240 жобаны қаржыландыру қарастырылып отыр.
Баспасөз конференциясына Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Аманат Махмутов қатысты.
Спикердің сөзінше 9 айда 994 жұмыссыз азамат «Бастау» жобасы бойынша оқытылған.
«Маңғыстау облысында биыл 9 ай ішінде 994 жұмыссыз «Бастау» жобасы бойынша оқып шықты. Олар арнайы сертификат алып, кәсіп бастауға жолдама алды. Курс бітірушілер 200 АЕК көлемінде грантқа өтініш тапсыра алады. Сондай-ақ шағын орта бизнесті дамытуға несие де алуына болады. «Еңбек» бағдарламасының 2-бағыты бойынша жүргізілетін «Бастау» жобасы бойынша 5 жылдан бері 6595 маңғыстаулық кәсіпкерлік білімін игерді. Оның 2200-ден астамы өз кәсібін ашты. Мәселен, 2020 жылдың өзінде пандемия қиындығына қарамастан 990 адам дәріс оқыды. Оның 632-і өз бизнесін жүргізді. Осылайша Маңғыстау облысы республика бойынша «Бастау» жобасын игеру жағынан 2-орынға шықты», деді Аманат Махмутов.