Облыстағы мектептердің барлығында бейнебақылау жүргізілген. Бейнебақылау жүйелерінің 50,3% полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Мектептердің 59,6% дабыл түймесі орнатылды, қалғандары тамыздың соңына дейін орнатылады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыс әкімі С. Трұмов жауапты азаматтарға жаңа оқу жылы басталғанша оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тездетіп жүзеге асыруды тапсырды. Атап айтқанда, барлық мектепте арнайы дабыл нүктесін қосуды, бейнебақылау камераларын полиция органдарының жедел басқару орталықтарына қосуды, барлық мектептерге күзет қызметін ұйымдастыруды қатаң тапсырды.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында 644 жас маман мектептерге орналасады. Өңірдегі педагог мамандар даярлайтын 7 колледжі биыл 60 орыс тілі пәні мұғалімін, Ш.Есенов атындағы университетін 24 орыс тілі пәні мұғалімін дайындады. Ал облыс әкімінің грантымен басқа қалада оқитын 1 орыс тілі әдебиеті пәні мұғалімі келіп 85 кадр тапшылығы жойылады.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілердің қатысуымен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы топтағы 6 мыңнан астам отбасы балаларына жалпыға міндетті оқу қорынан 25 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Г. Қалмұратова аймақтағы эпид ахуал бойынша ақпарат берді. Өңірде «ASHYQ» қосымшасы арқылы 1 689 кәсіпкер жұмыс істейді. Тағы 683 нысан тесттік режимде істеп жатыр. Облыс бойынша індетке қарсы екпенің бірінші компонентін 112 369 адам, екінші бөлігін 76 155 тұрғын салдырған. Барлығы 589 рейдтік шара ұйымдастырылған. Екінші тамыздан бүгінгі күнге дейін 1 408 маңғыстаулық сырқаттан жазылып шықты.