Түркістан облысының жұртшылығы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қолдауымен 95 вагон (3 мың тоннаға жуық) шөпті Маңғыстау облысына жөнелтті. Бүгінгі таңда облыс әкімдігі ерікті жастардың, кәсіпкерлердің, жанашыр тұрғындардың ұйымдастыруымен мал азығы тапшылығы орын алған аумақтарға осылайша көмек қолын созуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Атап айтқанда Арыс қаласынан – 17 вагон, Сарыағаш қаласының теміржол станциясынан – 51 вагон, Шымкент қаласынан – 18 вагон, Бадам ауылдық округінен – 4 вагон, Отырар ауданынан – 5 вагон шөп тиелген.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы қуаңшылық батыс өңірлерімен қатар, Түркістан облысының Келес, Сарыағаш аудандарының жыл сайын табиғи шөп оратын алқаптарына да әсер етіп, табиғи шөп бітік шықпаған. Алдағы қыс айларында мал азығының тапшылығын алдын алу мақсатында облыстағы орман қорының жерлерінен табиғи шөптерді орып алу ұйымдастырылуда, сонымен қатар Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал аудандары Шардара, Отырар аудандарының жайылымдарын пайдалану туралы меморандум жасалған.