Шілде айында Беларус елінің Витебск қаласында Халықаралық «Славян базары-2021» өнер фестивалінің аясында балалар және ересектерге арналған екі байқау өтті. Халықаралық балалардың музыкалық байқауында 16 елдің 8 -15 жас аралығындағы өнерпаз үміткерлері қатысты.
Қазақстан атынан Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің үлгілі ұжымы «Радуга» балалар шығармашылық студиясының 11 жасар өнерпазы Әмина Асгатова Ақтау қаласында өткен іріктеу турында жеңімпаз болып, халықаралық байқауға жолдама алды. Байқаудың бірінші күні балалар өз ана тіліндегі әндерді, екінші турда өз таңдауындағы композицияларды орындады. Қазылар алқасы құрамында Беларус елінің еңбегі сіңген әртісі Ирина Дорофеева, әнші Эмилия Валенти (Болгария), композитор Виталий Осошник (Ресей), опера әншісі Нико Горгиевски (Солтүстік Македония), әнші Мансур Ташматов (Өзбекстан) және Украинаның халық әртісі Оксана Пекун болса, қазылар алқасына сербиялық Филип Жмахер төрағалық жасады.
Гран-при жүлдесін Черногория өкілі Комнен Вукович жеңіп алды. Байқаудың І орын жүлдесінің иесі Белорус Константин Мазуркевич болды. ІІ орын Ресейлік Ксения Канн және Болгариядан келген Элизабет Захариеваға бұйырды. ІІІ орын лауреттары атағын Даниела (Украина) және Шохруххон Халимхонов (Өзбекстан) жеңіп алды. Бұдан басқа, байқауға қатысқан белорус және ресейлік әншілер Беларус және Ресей Кеңесінің Парламенттік жиналысының дипломдарымен марапатталды.
Композитор, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері Виталий Осошник «бұл байқау Ресей және Еуропадағы балалар эстрадасының өзіндік мәдени коды болып келе жатыр» деп атап өтті.
Ол: «Ресей мен Еуропада жоғары дәрежелі түрде өткен байқауды өзім білмеймін. Тіпті бәрі білетін атақты телевизиялық жобалардың өзі бәрібір ТВ-шоу болып қала береді. Ал «Славян базарындағы» кереметтей вокалдық байқау ол жерде жоқ. Жақсы вокалдық дәстүрі бар, теңдесі жоқ күшті балаларды көру, мен үшін өте ұнамды», - деп атап өтті.
Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің тәрбиеленушісі ақтаулық Әмина Асгатова, әділ қазылар алқасының ой-пікірі бойынша, өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Қазылар алқасы оның орасан зор ерекше төменгі тембрін, әдемі таңдалған репертуарын, сахналық шеберлігін, хореографиялық икемділігін, сахналық костюмдерін ерекше атап өтті.
Өнер ұжымының басшылығы Әминаны халықаралық байқауға дайындаған ұстаздар – Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің «Радуга» балалар шығармашылық студиясының басшысы О.В.Хныкинаға, вокал бойынша оқытушы Александр Кимге және хореограф С.Сариевке Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақ әуендері» АҚ, Қазақстандағы «Славян базары» байқауының өкілі Қарлығаш Әбдікаримоваға, Ақтау қаласының әкімдігіне, Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің директоры Ә.А. Құлбаевқа, «Турист» ЖШС директоры Е.М Слюсареваға Аминаны осы жауапты бауқауға дайындалу үшін қажетті қаржылық көмек көрсеткендері үшін үлкен алғыс білдіреді.
Үлкен өнер додасынан ортамызға оралған Әмина телевизиялық «Бала дауысы» ән байқауына дайындық үстінде, ол жерде Әмина Маңғыстау облысының атынан өнер көрсетеді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ