Биыл Маңғыстау облысында көпбалалы отбасылар үшін 150-ден астам пәтер сатып алынады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі С.Трұмовтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында құрылыс саласына жауапты әкім орынбасары Нұрлыбай Аққұлов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы аналарға жалпы ауданы 9,180 мың шаршы метр 153 пәтер сатып алу қарастырылған. «Тұрғын үй келесідей бөлінді: Ақтау қаласында 54 пәтер, Маңғыстау ауданында - 24, Қарақия ауданында - 30, Түпқараған ауданында - 15 және Мұнайлы ауданында - 30 пәтер. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында, әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар «Жаңаөзен қаласын кешенді дамыту жоспарына сәйкес «Өзенмұнайгаз» АҚ есебінен Ақтау қаласынан кемінде 135 пәтер сатып алынады. Бұл мақсатқа компания 1 млрд 375 млн теңге бөлді. Бүгінгі таңда құзыретті органдар құрылыс салушылардың ұсыныстарын қарастыруда. Үш компания өз ұсыныстарын ұсынды», - деді Н. Аққұлов.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша бағдарлама да қарқын алуда. 2021 жылы бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін 163 отбасына жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөлінді.
Алайда, биыл Сенат жанындағы Жұмыс тобының ұсыныстары негізінде тұрғын үй сертификаттарының жоспарланған лимитін 526-ға дейін ұлғайта отырып, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және көп балалы отбасыларға басымдық берілді.
Өңір басшысы жауапты тұлғаларға салынып жатқан пәтерлердің сапасына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды.
«Тұрғын үй алатын барлық отбасылар қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болмауы тиіс. Сапасына мән беріңіздер»,- деді С.Трұмов.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Ж.Тоқбаева баяндады. Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша биыл несие көлемін 7 млрд теңгеге дейін ұлғайту, салалық шектеулерді алып тастау, микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне микро несие беруді енгізу, сондай-ақ экономиканың зардап шеккен секторларында ШОБ кредиттері бойынша борыштық жүктемені азайту көзделген. Жарты жыл ішінде бағдарлама бойынша 26 млрд 983 млн теңгеге 1 360-тан астам жоба несиелендірілді.
«Қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде 196 млн теңгеге 2 жоба іске асырылды. «Nur Kapital» бойынша несиелеу аудандарда және Жаңаөзен қаласында жылдық 1% - бен жүргізіледі. Несиенің ең жоғарғы сомасы 30 млн теңгеге дейін. Іске асыру басталғаннан бері 3 млрд. теңгеден астам сомаға 152 жоба құрылды, 1 152 жаңа жұмыс орны ашылды», - деді Ж.Тоқбаева.