Жол құрылысында жүрген мекемелерге құрылыс инженерлері, инженер-сметашы, зертханашылар, асфальт-бетон төсеушілер, білікті механизаторлар керек. Сонымен қатар геодезия, картограф мамандар, метеорологтар, механиктер мен жол шеберлері жетіспейді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ұлттық жол сапа орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олқылықтың орнын толтыру үшін жол сапа орталығының барлық өңірлердегі филиалдары жергілікті колледж-университетпен келісімшартқа отыруда. Соған сәйкес соңғы 3 жылдан бері студенттерді ақылы тәжірибеден өткізіп жатыр. 6 айлық ақылы өндірістік тәжірибеден өткен жастарға тұрақты жұмыс ұсынып отыр.
Мәселен, Маңғыстау политехникалық колледжін аяқтай сала қызметке алынған жастың бірі - Оразалы Ақылбеков. Ол өзі оқыған «Автомобиль жолдары және аэродром құрылысы» мамандығы бойынша Ақтаудағы мекеме ұжымына қосылғанына қуанышты.
«Мұнда 3 курстан бастап келдім. Ақылы өндірістік тәжірибе сағаттары былтыр мамырдан бастап желтоқсанға дейін созылды. Көп нәрсені үйрендім десем де болады. Көпбалалы отбасынан шыққасын мен сияқты студентке айына 80 мыңдай теңге шәкірт берілгені қатты қуантты. Оқудан алған сабағымды бұл жерде қолмен істеп көріп, біліктілігімді шыңдадым. Түрлі сынама жасау жолдарын үйрендім. Қазір толыққанды қызметкер атандым» - деді ол.
2020 жылы еліміздің ұлттық сапа орталығы «1000 мектеп» жобасын қолға алды. Мақсат - мектеп бітірушілермен кездесіп, жолшы мамандығына тарту. Маңғыстау өңірінде 158 мектеп бар десек, аймақта карантиндік шектеу шаралары енгізілгенге дейін 50-ге жуық білім беру мекемесінен 3000-ға тарта оқушы қамтылды.
Жол сапасын бақылаушылар Ақтау қаласынан бөлек Мұнайлы, Түпқараған ауданында орналасқан бірнеше мектепке арнайы барды. Сондай-ақ әр ай сайын жоғары сынып оқушыларымен Zoom арқылы танымдық кездесулер өткізіп келеді.