Қасиетті Арапа күні қалың қазаққа танымал ерен ақын, ақжүрек ұлтшыл азамат Сабыр Адай облыстық орталық «Бекет ата» мешітіне арнайы келіп, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлымен кездесті.
Әнуар Ізімбайұлы мен Сабыр Шеркешбайұлы ағамыз өңірдің рухани өмірін талқылады. Бас имам ҚМДБ-ның Маңғыстау өкілдігінің жұмыс бағыттарын тілге тиек етіп:
«Қазіргі таңда салт-дәстүрімізбен тығыз байланысты Ихсан іліміне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Жақында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты еңбек жарық көрді. Алланың қалауымен сіздерге де осы кітапты табыстайтын боламыз. Өзіңіздей зиялы қауым өкілдерімен аталмыш кітапты облыс көлемінде насихаттау бойынша жоспарларымыз бар», деді.
Сондай-ақ, бас имам өкілдіктің ҚМДБ-ның отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатындағы «Darhan Dala» жобасы аясында Шопан ата жерасты мешіті, Бекет ата жерасты мешіті, Сұлтан үпі жерасты мешіті сынды тарихи-киелі нысандардың жанында ұлттық құндылықтарымызға негізделген «Маңғыстау – Ихсан ілімі қанат жайған рухани өлке» атты ақпараттық-танымдық, рухани семинарлар ұйымдастырып жатқандығын айтып өтті.
Өз кезегінде Сабыр Шеркешбайұлы ағамыз:
«Адамдар мешітке үмітпен келеді. Халық сіздерді Алланың ақ жолында жүрген ақ жүректі, пәк көңілді жандар деп қабылдайды. Халықтың көңіліне селкеу түсірмеңіздер. Қоғамға жылулық ауадай қажет екенін ұмытпай, ел сенімін ақтауға тырысыңыздар. Сіздер – елдің рухани шамшырағысыздар. Біз сіздерге әрдайым тілекшіміз», деп жылы лебізін білдірді.
Кездесу соңында Сабыр Шеркешбайұлы:
«Бақыт деген – атамекен,
Ата-анаң, өз төрің мен түндігің.
Туған елге тірек болып,
Ту түбінде, адал сөйлеп жүр, күнім.
Ақылды бас, қайратты қол,
Ерен еңбек, ар-иман,
Ұлттық сана, ғылым-білім,
Дін мен дәстүр, бірлігің.», деп Әнуар Ізімбайұлына «Нәзира» атты өлеңдер жинағын сыйға тартып, қызметіне сәттілік тілеп, ақ батасын берді.