Қаражанбас кен орнында қабат суын тұшытатын зауыт салынып жатыр. Аталмыш зауыт бу айдау әдісімен мұнай өндіретін кен орнын техникалық сумен жабдықтауға арналған. Қазіргі таңда Қаражанбас күн сайын Астрахань-Маңғыстау су құбыры арқылы келетін Еділ суын тұтынады. Зауытты іске қосу кен орнын сумен қамтамасыз етумен қатар, аймақтағы ауыз су тапшылығын шешуге септігін тигізбек.
Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың қыркүйек айында басталды. Зауыттың алғашқы іргетасын қалауға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев қатысты. Бұл нысан көп сатылы сүзгілеу технологиясын қолдана отырып тәулігіне қуаты 17 000 м3 қабат суын қайта өңдейтін зауыт болады деп жоспарланған.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 68 пайызға аяқталып тұр. Нақтырақ айтсақ, 14 металл резервуар гидросынақдан сәтті өтіп, оларды монтаждау жұмыстары толық жүргізілді. Технологиялық желіні сорғы станцияларымен байланыстырған соң резервуарларды пайдалана беруге болады.
«Жобаға сәйкес жабдықтардың 90%-ы, сорғылар, сүзгілер, тұндырғыштар, дозаторлар, мембраналық қондырғылар және т.б. орналастырылды. Сатып алынған құбыр және кабель өнімдерін кен орнына жеткізу басталды. Электрлік монтаждау жұмыстарына дайындық жүріп жатыр (кабельдерді эстакада бойынша жабдыққа жеткізу), сондай-ақ сыртқы қабырғаларды монтаждау жалғасуда», - деп атап өтті мердігер мекеме өкілдері.
ҚБМ басшылығы ай сайын мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс барысын жіті бақылап жүр. Пандемияға байланысты зауыт құрылысына қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарды шекарадан өткізу бойынша әлі де қиындықтар бар. Маусым және шілде айының басында «ҚазМұнайГаз» ҰК» мен «Қазақстан Темір Жолы» АҚ көмегімен Қаражанбас кен орнына 19 вагон жабдық жеткізілді. Өз кезегінде ҚБМ басшылығы мердігерлерге жұмысты сапалы әрі жеделдетуге бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, зауыт жобасы бірнеше іске қосу кешенінен тұрады. Нысан инвесторы – зауытты және оның негізгі цехтарын салумен айналысатын «СИТИК - Водная экология» БК (Ақтау). Аталмыш мекеменің қосалқы мердігері - «ЕвроСтрой-А» ЖШС.
«Павлодарпромстрой» ЖШС мұнай дайындау және айдау цехынан су тұщыту зауытына дейінгі ұзындығы 9,5 км болатын құбыр құрылысын жүргізуде.
«Павлодарпромстрой» ЖШС және «Oil Construction Compаny» ЖШС зауыттан бастап ҚБМ нысандары бойынша сыртқы коммуникацияларын салумен айналысады.