Жуырда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен «Ралли Қазақстан – 2021» ралли-рейд бойынша әлем кубогы кезеңі өз мәресіне жетті.
Дәстүрлі автошабандоздар жарысы Ақтауда осымен 6-рет ұйымдастырылды. Әлем кубогын өткізу халықаралық автомобиль федерациясының күнтізбесіне енген. Жарысты ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Автомотоспорт федерациясы, Маңғыстау облысының әкімдігі және демеушілер.
Әлемнің 33 елінен келген (Катар, Франция, Ресей, Сауд Арабиясы, Германия, Чехия, Словения, Аргентина, Африка, Испания, Швеция, Италия, Украина, Бельгия, Өзбекстан, Нидерланды, АҚШ, Бразилия,Чили, Португалия, Англия, Польша, Казақстан) 44 экипаж, 18 мото-спортшы осы халықаралық турнирде бақ сынасты.
Ұлттық санатта экипаж М.Тілеухан, Г.Чередников, «OFF ROAD Kazakhstan» командасы және Т2 санатында К.Черненков, А.Мун «Aktau MOTORSPORT» спортшылары жеңімпаз атанды.
– Жарыс T1, T2, T3, Т4 және мото санаттары бойынша 2270 шақырымға жалғасып, оның 1465 шақырымы бес спорттық арнайы жылдам жарыс учаскесінен тұрды. Маңғыстау өңірінде өткізілген бұл шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шараға қатысқан азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз, – дейді облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев.
Кенжебек Сержанұлы,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН