Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кеңес барысында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігі, «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстар мен ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, ҚР 2015 – 2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру бойынша 2018–2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалысы туралы Арнайы мониторингтік топтың өкілі баяндама жасады.
2021 жылғы 20 наурызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң сәуірдің 5-інен бастап қолданысқа енгізілді, дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Қ. Мырзағали.
Кодекстің 677-бабына сәйкес мемлекеттік қызметші заңсыз материалдық сыйақы қабылдаса, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, жеке өзі немесе делдал арқылы алғаны үшін жауаптылығы көзделеді. Бұл жағдайда жоғарыда аталған лауазымды адамдар үшін жаза 600 АЕК немесе шамамен 1,8 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Егер сомасы 2 АЕК аспаса, әкімшілік тәртіпте тартылады.
Мемлекеттік орган басшылары және өзге де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамаған жағдайда100 АЕК мөлшерінде, бұл шамамен 300 мың теңге айыппұл салынады. Сонымен қатар жаңа заңға сәйкес сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды квазимемлекеттік сектордың кез келген лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды.Мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, заңсыз кіріс түскені анықталса, осы ұйымдардың басшыларына 600 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған (1,8 млн.теңге).
Жиын соңында аймақ басшысы С.Трұмов басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды сапалы жүргізуді, тексеру нәтижесінде комиссия тарапынан анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы жіберілген ұсыныстарды уақытылы орындауды тапсырды.