Бүгін Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрі А.Мамин Түпқараған ауданында орналасқан «Ақтау Агро» құс фабрикасының жұмысымен танысты. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жұмысын бастаған кәсіпорын жылына 5 мың тонна тауық етін өндіруге қауқарлы. Құс фабрикасы жанындағы инкубаторға жұмыртқалардың алғашқы партиясы 9 сәуірде салынған-ды. Маңғыстауға Ресейден 38 жарым мыңға жуық инкубациялық жұмыртқа келген еді. Сол мөлшердегі екінші партия 25 сәуірде салынды. Мамандардың айтуынша, бройлер пародасының алғашқы балапаны 30 сәуірде шығады.
«Ақтау Агро» ЖШС - Маңғыстау облысында құс етін өндіретін ең ірі және бірегей өндіріс ошағы. Онда жылына 5 мың тонна тауық етін шығару жоспарланған. Бұл инвестициялық жобаны іске асыру өңірдің құс етіне қажеттілігін 50% - ға жабуға мүмкіндік береді. Нысан 3 алаңнан тұрады: инкубатор, 30 мыңнан астам құсқа арналған 16 қора және құс сою цехы. Жобаның жалпы құны 5,7 млрд.теңге. Бұл соманың 30% -ы отандық инвесторлардың қаражаты, қалған бөлігін «Аграрлық несие корпорациясы» қаржыландырды.
«Ақтау Агро» ЖШС директоры Данияр Тұрғыновтың айтуынша, құс шаруашылығы кешенін іске қосу өңірге 90-нан астам жұмыс орнын ашады. Жоспарға сәйкес өнімнің бірінші партиясы маусым айының соңына қарай аймақтың сауда сөрелеріне шығарылады. Дайын салқындатылған еттің орташа салмағы шамамен 1,5-2 кг құрайды.
«Ақтау Агро» ЖШС бұдан бөлек Мұнайлы ауданында қуаттылығы сағатына 10 мың тонна жем шығаратын құрама жем зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл өндіріс тек құс фермасының қажеттіліктеріне ғана жұмыс іатемей, ірі қара малға да жем шығару жоспарланған», - деді құс фабрикасының басшысы Д.Тұрғынов.