Облыс әкімі С.Трұмовтың төрағалығымен 2021 жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша кеңейтілген жиын өтті. Облыстық басқармалардың мәліметінше қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша өңірдің негізгі макрокөрсеткіштерінде оң динамика байқалады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі – 103,4% құрап отыр. Бұл туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Альбекова баяндады. Сонымен қатар 2021 жылдың 1 сәуір жағдайына жергілікті бюджеттің түсімдері 42,5 млрд.теңгені немесе есепті кезеңнің жоспарына қарағанда 121,8%-ке орындалған.
Оң диманика инвестиция және туризм, тұрғын үй құрылысы салаларында байқалады.
Биыл 1 млн 201 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша аймақта 1 млн. 201 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жылдық жоспар қалалар мен аудандар әкімдіктеріне жұмыс тәртібінде пайдалануға жолданды. Ақпан айының қорытындысы бойынша 247,453 мың м² тұрғын ұй пайдалануға беріліп, өткен жылғы көрсеткіштен 14 %-ға жоғары болып отыр. Сонымен қатар, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Мұнайлы ауданы Батыр селосында 80 пәтер, Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында 72 пәтер пайдалануға беріліп, Ақтау қаласында 153 пәтерге арналған 8400 шаршы метрді құрайтын бастапқы тұрғын үйлерден пәтерлер сатып алуға қаржы бөлінді.
Несиелік тұрғын үй бағыты бойынша 2021 жылы 1632 пәтерге арналған 108,602 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер құрылысы аяқталады.
2021 жылы жол құрылысы бойынша 17 жоба іске асырылады
Автомобиль жолдарын салу бойыншада өңір жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Оған негіз өңірде жүгзіліп жатқан 17 жобаны айтуға болады.
Солардың бірі - республикалық маңыздағы 64 шақырымды құрайтын «Құрық-Жетібай» автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары. Жоба биыл басталып, 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары 8 шақырымды қамтып отыр.
МАЭК су жинау каналынан «Құрық» паромды кешеніне дейінгі автомобиль жолын реконструкциялаудың I кезең жүргізілуде. Қазігі таңда «Tree of life» базасына дейінгі 15,6 шақырымға асфальт жабындысы төселген. Қалған 11,4 ккм «Алау» балаларды сауықтыру орталығына дейінгі аралықтағы жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, жол негізін салу жұмыстары 80%, асфальт жабындысының 1 қабатын төсеу 80% аяқталған. Ағымдағы жылдың соңына дейін жобаны толық аяқтау жоспарланып отыр.
«МАЭК» су алғышынан бастап Құрық теңіз портына дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау ІІІ кезеңі аяқталды. Бұдан бөлек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл жылы Қарақия ауданының Жетібай ауылында 4 жоба мен Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылында 10 жоба іске асады. Яғни, 53,6 шақырым жол құрылысы мен орташа жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарлануда.
Биыл жылыжай өсіруге басымдық беріледі
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша осы жылы 8 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде қуаттылығы жылына 5 мың тонна тауық етін өндіру құс фабрикасы мен 15 мың тонна құрама жем өндіретін зауыт маңызды болып табылады.
Облыс басшылары жылыжай шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отыр. Жыл сайын жылыжай 7 гектарға ұлғаюда.
Ақтау қаласының аймағында ірі жылыжайлар кешенін құрылысын салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жер бөлу жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның іске асырылуымен кемінде 13 мың тонна өнім алуға мүмкіндік болады.
Биыл үш айда негізгі капиталға 61,4 млрд инвестиция салынды
Инвестиция және туризм басқармасының басшысы Венера Мұстапаеваның мәліметінше, 2020 жылы өңірге келген туристер саны 160 мың адамды құрады, туризм саласына 71,8 млрд.теңге инвестиция тартылды (өсім 3,1 есе). Ал биыл 2 жобаның 7-ін жергілікті компаниялардың қатысуымен іске қосу жоспарланған. 2021 жылғы қаңтар-ақпанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлем индексі-94,6% немесе 61,4 млрд. теңге.
Жоспарды мерзімінде орындамаған әкімдер мен басқарма басшыларына ескерту берілді
Жалпы облыс көлемінде осы жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланған межеге қол жеткізілді. Дегенмен бірқатар қала мен аудандарда жоспардың орындалмау қаупі бар. Үш айдың қорытындысына сәйкес, орындалмау жағдайы Жаңаөзен қаласы, Бейнеу және Түпқараған аудандарында байқалады. Сонымен қатар бірқатар басқармалар да өңір үшін маңызды жобалардың мерзімінде іске асуына атүсті қарағаны белгілі болды.
Жиында облыс әкімі ауылшаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне биылғы қысқа дайындықты қазірден әзірлеп, мал азығын дайындауды қатаң тапсырды.
«Өткен жылдың аяғында 2021 жылы атқарылатын жұмыстардың жоспары бекітілді. Сол жоспар іске асқан жағдайда ғана жоғары нәтижеге қол жеткіземіз. Ал оны орындау қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының тікелей міндеті. Сіздердің жұмыстарыңыз осыған байланысты бағаланады. Жоспардағы жобалардың барлығы елдің игілігі үшін атқарылатын жұмыстар. Жасамасаңдар қатаң шара қолдануға тура келеді»,- деді облыс әкімі С.Трұмов.