Маңғыстауда алғаш рет кәмелетке толмаған баланы зорлау ісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2021 жылы 25 қаңтарда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған баланы зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетімен Қазақстан Республикасы ҚК-нің 120-бабы 4-бөлігімен, 121-бабы 4-бөлігімен Д.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот мәжілісі жабық түрде, мемлекеттік айыптаушының, жәбірленушінің заңды өкілдерінің, сотталушы мен қорғаушысының қатысуларымен өтті.
Сотталушы 28 мамыр 2020 жылы түнгі уақытта мас күйінде танысы И.-дің пәтеріне келіп, оның жоқтығын пайдаланып, 11 жасар қызының көрінеу жас бала екенін біле тұра, оның дәрменсіз күйін пайдаланып, қорқытып, басы мен бетінен ұрып-соғып, денсаулығына жеңіл зиян келтірумен, жыныстық жолмен зорлаған.
Тараптардың позициясы:
Мемлекеттік айыптаушы балаға қатысты күш қолданумен зорлау әрекетін ескере отырып, сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші өкілдері прокурордың пікірімен келісті.
Қорғану тарапы сотталушыға тағылған айыптаулар өз дәлелін толық таппауына байланысты қылмыстық іс өндірісін тоқтатып, сотталушыны қамаудан босатуды сұрады.
Сотталушының қылмыстық әрекеттерді жасағаны сот тергеуінде жан-жақты, толық және объективті түрде зерттелген дәлелдемелермен толық негізделуіне байланысты айыптау үкімі қабылданды.
Аталған баптың санкциясында балаларды оқыту және тәрбиелеу жөніндегі міндеттермен байланысты лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырумен бірге, 20 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау көзделген.
Сот сотталушыға жаза тағайындау барысында қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын жайлары ретінде көрінеу жас балаға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды мас күйінде жасауын ескерді.
Сот қылмыстық әрекеттің аса ауыр қылмыстар санатына жататынын және қоғамға қауіптілігін ескере отырып, оның түзелуіне сын көзбен қарап, ҚР ҚК-нің 58 бабы 4 бөлігіне сай, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.