Жаңаөзендегі Абай Құнанбаев атындағы №19 орта мектептің 5 сынып оқушысы Дидар Ильич үй жағдайында Kinder қорапшаларын дайындап, түрлі тәттілер пісіреді. Бала күннен асық жинауға қызыққан Дидар бүгінде сыйлық қорапшаларын дайындаумен айналысып жүр.
«Kinder қорапшаларын қолдан жасауды 9 жастан бастадым. Әдемі сыйлық қорапшасын дайындау мен үшін қиын емес. Бос уақытымда тапсырыспен қорапшалар дайындап, қолдан тәттілер пісіремін. Тапсырыс берушілердің көңілдерінен шығып жатыр. Сүйікті ісіммен айналысқан маған ұнайды, жұмыс барысында әртүрлі тың идеялар ойыма келіп, шабыт аламын», - дейді жас кәсіпкер.
Баласының ерекше қабілетін байқаған анасы оны әрдайым қолдауға дайын.
«Балам кішкентайынан үнемдеу, есептеуді біліп, кәсіппен айналысып, жетістікке жетіп жүр. Бұл салаға өзінің қызығушылығы көп. Қолы босай қалса, теледидар, ютуб желісінен «Бизнес бастау», «Сала таңдау» сияқты кәсіпкерлікке қатысты бағдарламалар қарайды. Ойын баласы болса да, кітап оқуға деген құлшынысы жоғары. Мен әрқашан ұлымды қолдаймын, әрі болашағынан үлкен үміт күтемін», - дейді анасы.
Болашақта кәсіпкер болуды армандайтын Дидар сүйікті ісін көздеген мамандығымен байланыстырғысы келеді.