10 қаңтар күні өтетін сайлауда дауыс берушілердің ПТР тесттен өтуіне қатысты сұрақ жиі қойылып жатыр. Осы ретте Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының маманы жауап берді.
«Сайлау кезінде дауыс берушілердің ПТР тапсыруы міндетті емес. Сайлаушылардан тек күнделікті санитарлық талаптарды сақтауы, міндетті түрде бетперде киюі талап етіледі. Ал қазіргі таңда аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, сенімді өкілдер және байқаушылар тесттен өтіп жатыр», - дейді Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Гүлшат Алтынғалиқызы.
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысында 231 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау таңғы сағат 07:00-ден бастап 20:00-ге дейін болады.