ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ақтау, Атырау және Ақтөбе гарнизондарының әскери бөлімдеріне шақырылған 600-ден астам мерзімді әскери қызметші ант қабылдады. Ал Ақтаудан 350 теңіз жаяу әскері Отан алдындағы борышты өтеуге ант берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Салтанатты рәсімге «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Нұрлан Алдияров, қолбасшы орынбасарлары, бөлім командирлері және Қарулы Күштердің ардагерлері қатысты.
Әскери ант бергеннен кейін жас сарбаздар қонақтарға қоян-қолтық ұрыс және саптық даярлық элементтерін көрсетті.
«Бұл бәрімізге ерекше жауапкершілікті жүктейді. Мен барлық азаматтарды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтағым келеді. Біз Отанымыздың игілігі үшін әскери борышымызды абыроймен орындаймыз деп сеніммен айта аламын», - деді қатардағы жауынгер Айбар Омар.
Биыл карантиндік шектеулерге байланысты әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындары келіп, жас қорғаушыларды қолдап, құттықтай алмады. Алайда ата-аналары мен туыстарынан келіп түскен хаттарды олардың командирлері трибунадан оқып берді.
Ант қабылдағаннан кейін әскери міндеттілер кіші мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша жауынгерлік дайындықты бастайды. Алты ай ішінде олар артиллерияшылардың, танкисттердің, барлаушылардың, атқыштардың әскери мамандықтарын меңгеріп, толыққанды Отан қорғаушылары атанады.