Өткен аптада Маңғыстауда коронавирус инфекциясын жұқтырған 15, коронавирустық пневмониямен ауырып жатқан 21 науқас анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуевтың айтуынша, биыл 27 наурыз бен 27 қазан аралығында (шағымы+шағымсыз) 3 388 COVID – 19 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 1 156 шағымы бар, 2 232 шағымсыз науқас анықталып, аурушаңдықтың көрсеткіші 478,9 құрайды. Репродуктивті көрсеткіш 1,3. Төсек қорының көрсеткіші 30 пайыз.
Коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар - 72 науқас, емделіп шыққандар – 3 280 (96,8%).
«Облыста барлығы коронавирустың шағымы бар түрін жұқтырған 1 156 науқас тіркелді, оның ішінде Ақтау қаласы – 475, Жаңаөзен - 157, Түпқараған -38, Қарақия – 75, Маңғыстау – 42, Мұнайлы – 171, Бейнеу – 198. ПТР тәсілімен мемлекеттік және жеке меншік зертханаларда (барлығы - 5) 138 178 (бір күнде 298 анализ) адам тексеріліп, оның 3 388 оң нәтиже берді. Ұлттық сараптама орталығында бүгінгі таңда 24 мыңнан астам сынама бар», - деді Ғазиз Надуев.
Ал, 1 тамыздан бастап коронавирустық пневмониямен ауырған 230 науқас тіркелді. Соның ішінде 81-і жасы 60-тан асқан тұрғындар.
«230 науқастың ішінде 81-і 60-тан асқан адамдар. Бұл – басқа жас категориялармен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Оның барлығы қазіргі таңда жасырын түрде той, садақа ұйымдастырып, оған барудың салдарынан туындап отыр. Өйткені отбасылық шараларға көбіне үлкен жастағы адамдар қатысады», - деді Ғ. Надуев.
Облыста мемлекеттік тапсырысты орындап отырған Ұлттық сараптама орталығының Маңғыстау облыстық филиалы және коронавирусқа зерттеу жүргізіп отырған жекеменшік зертханалар бар. Олар: «Эталон-Мед», «Invivo», «ОЛИМП», «Ча-Кур» .
6қазаннан бастап, Өзбекстан елімен «Тажен» автомобиль өткізу пункті арқылы 3401 автокөлік және жаяу жолаушылар кірді. Оның ішінде: транзиттік автокөліктер 3130, Қазақстан Республикасына 216 автокөлік, 52 жолаушы (20 жолаушы ПТР анализсіз, ал 32 жолаушы ПТР анализімен), 4 транзиттік жолаушы өтті. Тексерілген 20 азаматтың ішінен 2 оң нәтиже анықталды. Екеуі де шағымсыз түрімен анықталуына байланысты үй карантиніне алынды.
Ақтау халықаралық әуежайы арқылы шет елдерден 743 жолаушы ұшып келсе, оның ішінде 64 жолаушы ПТР анализі болмауына байланысты 2 күнге стационарға жатқызылып, коронавирус инфекциясына ПТР тест тапсырды. Тест қорытындысы бойынша олардың вирус жұқтырмағаны белгілі болды.