Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
"Маңғыстау өңірінде коронавирустың алдын-алу шаралары күшейтілгенімен, қазіргі ахуал тұрақсыз болып отыр. Соған қарамастан стационарлар мен дәрігерлік бригадаларды ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды. Ғалымдардың математикалық моделі бойынша биыл тамыз айының соңына дейін, Covid-19 індетімен ауыратындар саны 10 есе өсуі мүмкін. Бұл жағдайда өлім саны да аз болмайын деп тұр. Сол себепті сақтық шараларына әлі де үлкен жауапкершілікпен қарап, карантин режимін сақтау қажет. Әсіресе, халық көп шоғырланатын орындарға бармау, бетперде тағып жүру, қолғап киіп жүру, қолды үнемі жуу сияқты ережелерді естен шығармаған жөн. Ал иммунитеті мықты адамдардың ағзасы коронавирустық инфекцияны өз бетінше жеңе алады. Ол үшін дұрыс тамақтану керек", деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева.
Бұған дейін әзірленген іс-қимыл жоспарына сәйкес, аурудың күрт өсуі жағдайында науқастарды жатқызатын инфекциялық және провизорлық стационарларды дайындау жан-жақты пысықталған болатын. Бұл ретте облыстық туберкулезге қарсы диспансер мен психикалық денсаулық орталығының ғимараты бірінші кезекте тұрды. Жоспар бойынша келесі - Маңғыстау облыстық ауруханасының "В" блогы. Одан әрі өскен жағдайда - облыстық аурухананы провизорға толық көшіру мәселесі туындауы ғажап емес.
Қазіргі уақытта Ақтау және Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Бейнеу ауданында төсек орындарының жетіспеушілігі байқалуда. Сол себепті қосымша провизорлық стационарды ашу арқылы - жоспардың келесі қадамына өту туралы шешім қабылданды. Маңғыстау облыстық ауруханасының базасында "В" блогында коронавирусқа күдікті адамдар үшін қосымша төсектер дайындалды. "В" блогы аурухананың бүкіл ғимаратының үштен бір бөлігін құрайды, ғимараттың негізгі бөлігінен толығымен қоршалған. Бұл жерге тек коронавирусқа күдігі бар адамдар ғана жатқызылады.
Аурудың күрт өсуіне байланысты облыстың барлық стационарларына жоспарлы түсулер шектелген болатын. Осылайша, келіп түскен науқастар санының азайғандығы байқалып отыр. Ауруханалар тек шұғыл қызметте жұмыс істейді. Емін үйде жалғастыра алатын пациенттердің басым бөлігі амбулаторлық емдеуге шығарылды. Кейбір бөлімшелерді біріктіруге, ал кейбір бөліктерін ішінара жабуға тура келді. Дәрігерлер жетіспейтіндігі тағы бар. Ақтөбе облысынан 20 дәрігер мен медбикелер келеді деп күтілуде.
Өңірде коронавирустың бар немесе жоғын анықтайтын 4 зертхана жұмыс істейді. Айта кету керек, Covid-19 барлық жағдайда нақты анықтала бермейді. Бұл сұраққа нақты жауап беру өте қиын. Көп адамдар пневмония барын алға тартып медициналық көмекке жүгініп жатады, кейде коронавирустың клиникалық симптомдары бойынша сәйкес келіп жатады, алайда вирус әрдайым адамның бойынан табыла бермейді. Мұндай жағдайлар өте көп кездеседі.
Қазіргі уақытта өңірдегі провизорлық стационарларда 450 науқас пневмониядан емделуде, оның 25-нің жағдайы ауыр және олар тыныс алу аппараттарына қосылған. Өкінішке қарай, облыста пневмониядан 30 адам көз жұмды.
Барлық емханаларда "Call-center" жұмыс істейді, сол себепті жедел жәрдем қызметінің жұмысы ауырлай түскендігін ескеріп, аурудың алғашқы белгілері пайда болса бірден «103» қызметіне хабарламай, учаскелік дәрігермен байланысқан жөн. Ал, қажет болған жағдайда жедел жәрдем науқасты стационарға немесе аурухананың инфекциялық бөлімшесіне жеткізеді.