С.Шапағатов кентінде 1000-нан аса жаңа тұрғын үй газбен қамтылады. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл Түпқараған аудандық жұмыспен қамту орталығына 1235 адам хабарласқан. Оның ішінде 1150-і жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Қазіргі уақытта ресми тіркелген жұмыссыздар саны – 416 адам.
Түпқараған ауданында 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 22 жоба жүзеге асырылады, оның ішінде 6 жоба өтпелі жобалар. Жобалардың барлығы ерекше тәртіпте конкурс хабарландырулары жарияланып, жобалардың жеңімпаздары анықталып, келісім шарттар жасақталды. Аталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында 16 мердігер мекемемен аудан әкімдігі келісімшартқа отырды. Әр жоба аясында құрылатын жұмыс орнының 50 пайызына жұмыссыз азаматтар жолдама алады. Яғни 1414 жұмыс орны құрылады, оның 709 орынға жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамту орталығы арқылы алынады, қазіргі таңда 531 адам жолдамамен жұмысқа тартылды.
Аудандық деңгейдегі жобалардың қатарында Түпқараған ауданындағы құс шаруашылығы және қосалқы учаскелерді сумен жабдықтау жүйесін жобалау құрылысы бар. Онда 50 адам жұмыспен қамтылып отыр.
«Қалын Арбат аумағындағы №5, 6 учаскелерде қосалқы шаруашылық пен құс фабрикасын электрмен жабдықтау құрылысын жоспарлап отырмыз. 200 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде», - деді Талғат Алтынғалиев.