«Қазақстанның мақсаты – өзіне жау табу емес, болғанды болғанындай шынайы білу. Біздің мақсатымыз-жау іздену емес, болған қасіретті ұмытпау, нақты тарихты білу, оны жазып қалдыру және біздің тұқым-жұрағаттарымыз білу үшін, еске алып отыру. Біз әлдекімді немесе тарихты кінәлағымыз келмейді. Біз тек шындықты білгіміз келеді. Шындықты білу арқылы тап сондай нәубат қайталанбас үшін не істеу керек екенін білеміз».
Қазақстан Республикасының Елбасы Н.Назарбаев
Ел тәуелсіздігін алып, еңсе тіктегенімен, кеңестік кезде жазықсыз жаланың нақақ құрбандары болғандар әлі өзінің тарихтан орнын ала алмай, есімдері елеусіз де беймәлім күйде қалып келе жатыр. Әділет пен ақиқатты қайта тірілту – кейінгілердің борышы. Ауыр жазаланған перзенттердің тағдыры келешек ұрпақты ойландыруы керек. Айыпталған репрессия құрбандарының ішінде халыққа адал қызмет еткен басшылар, дәулет иелері де, дін өкілдері де болды. Тарихтың ақтаңдақ беттері тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде түзетіліп жатыр, олар әлі де түзетілуге тиісті. Сондай нақақ жазаланғанның бірі - Қазан революциясына дейін де, кейін де өз заманында еліне ұзақ жыл адал қызмет еткен - Шайхы Кендірбайұлы.
Сейсенбаев Шайхы (толық аты - Шайхыислам) Кендірбайұлы 1881 жылы Маңғыстау ауданындағы Жыңғылды аулында дүниеге келген. Әкесі Кендірбай еліне елеулі, халқына қалаулы дәулетті ақсақал болған. Қарашымырау, Қосбұлақ, Бесбұлақ, Қоңыркез, Сарытаған, Шұқырой жерлерін қоныстанған. Оның ата-тегін Алшын Меңдалыұлы өзінің "Адай шежіресі" кітабында: "Сейсенбайдан - Кендірбай, тоқалынан - Ес, Дос. Кендірбайдан жеті бала, бәйбішесінен: Қарабұлақ, Наурызбек, Қосқұлақ, Есен, ал Науша тоқалынан: Бекен, Шаңбас, Шайқы", - деп келтіреді [С.Назарбекұлы, Ж.Жылқышыұлы. "Қазақ халқының шежіре-тарихы", 4-том. - Алматы: "Үш қиян", 2011. - 95-б].
Сол жетеудің ішінде Бекен - күйші, Е.Айшуақұлының күйлерін жалғастырушылардың бірі саналады. Ол елде 1944 жылы қалың кезік ауруы жайлаған кезде дерті асқынып, көз жұмған. Бекеннен ұрпақ қалмаған. Шаңбас ауыл молдасынан сауатын ашып, саудамен айналысқан. Ал Шайхы - ахун, қажы. Одан - Ырзағұл туады. Ырзағұл Жыңғылды жерінде ұзақ жыл қызмет істеді.
Ұлдары: Сақтаған, Абай, қызы Айкүн, Зейнеш - бәрі де кәсіпкер. Айша -ұзақ жыл халықтың баласын сауаттандырған кәнігі ұстаз. Балаларының барлығы да елінің мәдениетін, шаруашылығын, экономикасын өркендетуге үлестерін қосуда. Сақтаған қазір сол ата-бабасының қонысы Сарытағанда өз шаруашылығымен айналысады. Сарытаған-бұрынғы "Қызылтаң" колхозының қамтуындағы орталық.
Шайхы бала кезінде Жыңғылдыдағы Құлыш бидің мешітінен сауат ашады. Кейін Қарақалпақстаннан екі молда келіп, Кендірбайдың аулында бір жыл балаларды мұсылманша оқытқан. Сол балалардың ішінде Шайхы да болады. Мерзімді уақыты бітіп, еліне қайтарда әлгі молдалар бала Шайхының зеректігін байқап, өздерімен бірге әлі де білімін жоғарылатып оқытуға алып кетуге ата-анасына қолқа салады. Ризалығын алады. Кез келген адамның аяғы алыс қалаға жете ала ма?! Ол молдаларды жолға жетерлік қаражат, азық-түлікпен ата-анасы, әрине, мол мөлшерде қамтамасыз етті деп пайымдаймыз.
Қазақ даласында бала оқытқан діни дәріс берушілер Шайқы, Бекмұханбет сынды алғыр балаларды ата-анасынан сұрап алып, алыс қалаларда оқытқаны жиі кезедеседі. Қазақ арасына келіп сабақ берген молдалардың өз іштерінен сауатты адамдар шығару үшін, Хиуа, Бұхар, ноғайлардың медресесіне жылына 1-2 баладан жіберіп отырған. Бұдан мешіт молдаларының Астрахан, Башқұрт, Хиуа, Бұхара сынды ірі діни орталықтармен үзбей байланыс жасап тұрғандығын аңғаруға болады. "Кіші жүз елінің аяқ жетер жерінде Ресей мұсылманшылығының діни-ағартушылық ірі орталықтарының бірі-Ноғай Қарғалысы деген қаланың барлығын, онда 60 мешіт, 40 медресе болғандығын" жазушы Б. Аманшин қолжазбасында келтіреді. Башқұрт, ноғай дәстүр - салты қазаққа ұқсас, түркі тектес халық. Қанша дегенмен, алыстан ат арытып барған мұсылмандарға іш тартады. Ол кезде Хиуа, Бұхара оқулары - ең негізгі, табанды діни оқу ошақтарының бірі болатын. Сол Шайхы Бұхарадағы медреседе 15 жыл білім алады. Бұл - аз уақыт емес. Ахун жат жерде көптеген қиындықтарды басынан өткізген, үстіне шешек шығып, жалғыз өзі бір бөлмеде ұзақ жатқан кездері болған. Білім-ғылымға құштар Шайхы бұл ауыртпалықтың бәріне шыдап, медреседен заңгер мамандығын алып шығады. 25 жасында туған жеріне оралады.
1909 жылы Маңғыстау, Атырау аймағынан жиналған 14 адамның ішінде болып, қажылыққа барып қайтады.
Ол өзінің алғашқы еңбек жолын Форт Александровскіде негізгі мамандығы заңгерліктен бастайды. Ол туралы нақты деректер көзін жинастырған едім. Мұрағатта сақталған 1918 жылғы №2942 құжатта: "1918 жылы Мұсылмандар Кеңесі құрылғанда, ІІ Маңғышлақ болысының басқармасына М.Жандәулетовтің орнына, жергілікті халықтың сеніміне кірген Ш.Кендірбайұлы ұсынылады. Уездік комиссар - Васильев (қолы қойылған)" , - делінген [МОММ, 276-қор, 1-тізім, 13-іс]:
Ш.Кендірбайұлының қызметіне таласып, оған сес көрсеткендер де болған. Оны Черкасовтың І Маңғышлақ болысының басқарушысына жазған хатынан аңғарамыз: "ІІ Маңғышлақ болысының басқармасына алынған Кендірбайұлының қызмет барысындағы тапсырмасын барлық жұмысшылар орындауы тиіс. Сізге Кендірбаевтан кім кешірім сұрағандығын, ал кім оған сес көрсеткендігін анықтауды ұсынамын. Оларды Фортқа алып барып, қайта сайлау болатындығын жариялаңыз. Сондай-ақ, қазір ІІ Маңғышлақ болысындағы халықтың қандай бөлігі уезде тұрып жатқандығын нақтылап, тұрғындардың көпшілігі расымен де Кендірбаевқа қарсы ма, әлде оны қолдай ма, соны анықтаңыз. Тұрғындардың кімді қалайтындығы олардың ант беруімен қабылдансын! Черкасов (қолы қойылған):
Келесі мұрағаттық құжатта: "ІІ Маңғышлақ болысының басқармасы Кендірбайұлына, Төбе-Қарағанды болысының басқармасы Құдабайұлына Халықтық соттан арнайы мөр ашуды сұрайды", - делінген:
Бұдан түйетін қорытынды Кендірбайұлына мөр ашылған. Демек, ол мөр -сол кездегі құжаттарға басылған.
1918 жыл дүрбелеңді, ел жағдайы ауыр, құтсыз жыл болды. Сол жылмен бірге аштық қабаттасты. Жарты жылдың ішінде 7 комиссар ауысып, құтаймаған уақыт еді. Ш.Кендірбайұлына осы аласапыран кезде жауапкершілігі бар қызметтің табысталуы оған деген халықтың сенімін көрсетеді. Бұл құжаттың айтарына қарағанда байқатары қазіргі С. Шапағатов аулының тұрғыны, 17 жыл болыс болған Сәуірбай Тағайұлы Шайхы Кендірбайұлымен аралас, қызметтес жақсы таныс болған. Екі дерекке сүйене отырып, 1918 жылмен 1925 жылға дейінгі уақытта екеуі қызмет саласында бірге болды деуге қисын да, негіз де бар деп түйіндейміз.
1918 жылғы құнды деректерді Тағайұлының өміріне қатысты қаламгер Ә. Спан мен ғалым Ж. Нұрмаханова өздерінің «Қарашаңырақ» кітабының 34-бетінде: 1918 жылы 20 қыркүйек. Оспан Көбеев Фортта Уақытша Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Соған қатысты Маңғышлақ уезіндегі барлық қоғамдық ұйымдар делегаттары мәжілісінің №1 протоколы сақталған.
20-қыркүйек 1918 жылы.
Төрағалық етуші-В. Демчинский.
Қатысушылар: Құдайберген Селбаев, Мұхамеджар Атанов, Қосбатыр Тәжиев, Есмағанбет Қиғылықов, Шайхы Кендірбаев, Сәуірбай Тағаев, Жұмағали Ахмедов, Халмұрат Айдаров, Нұрсұлтан Оңғалбаев, Бозжігіт Томалақов, Қуандық Аралбаев, Қойсары Сарықожаев, Бекеш Досанов, Маймақов, К. Годов, Отарбай Иманғазиев, Иван Голубев, Тарас Роганов, Василий Степашков, Захарий Дубский, Красильников, Маленков, Г. Багиев, Яцевский-деп келтірген. Аталған делегаттар-әрқайсысы сайдың тасындай өз заманының әр салада қызмет атқарған интеллигенттері. Бұл құжаттың байқатары-Кендірбайұлының қоғамдық ортада белсенді тұлға болғандығында.
Жалпы мәжілісте қаралған мәселе-Уақытша атқару комитетін тарату, жаңа үкімет сайлауы жөніндегі елдік мәселе. Маңғышлақ уезі Уақытша Халық Кеңесінің төрағасы, Уезд комиссары Оспан Көбеевтің уезд халқына Үндеуі - сол кездің қиын жағдайының,халық басындағы ауыртпалықтың көбін ашық айтқан бірден-бір құжат. О.Көбеев –әскери істе шыңдалған адам. Ел басына төніп тұрған қиындықтар мен Азамат соғысының таянып тұрғанын жақсы білді. Халықты бірігуге шақырды. Осы халықтық істердің қалың ортасында заңгер Шайқының болғанын анықтайтын нақты құжаттың бірі –осы. Бұл делегаттар мәжілісінің сақталған құжатында да екеуінің есімі егіз аталған С. Тағаев 1926 жылға дейін осында болған.
Ахунға Бұхарадан алып шыққан заңгерлік мамандығы шариғат жолындағы жауапкершілігі мол қызметтерді атқаруға көп септігін тигізген. Осы деректерді сараптағанда, 1918-1924 жылдардағы сақталған мұрағаттық құжаттарда тарихи оқиғаларға ерекше қатысы бар, онымен үнемі есімі қатар аталатын бір адам бар. Оған міндетті түрде тоқталып өтуге тиістіміз және оларға қатысты құжаттарды сөйлетуді өзімізге парыз деп санадық.
Ал Ш. Кендірбайұлы Форт Александровск қаласында Адай уездік атқару комитетінде қызмет жасаған. Бірақ үкіметтің сөзі мен ісінің қабыспай жатқандығын ерте байқап, Сарытаған жеріндегі қыстауына қайта оралған. Бұған қарағанда, екеуі де сол жылдардан бастап, жалған жаланың зардабын тартқан сыңайлы.
1928 жылға дейін Жыңғылдыдағы Құлыш би ашқан діни мектепте, туған жері Шұқыройда киіз үйде бала оқытып, Бесбұлақта, Тұщыбектің күншығыс жағындағы тау кеуегінде елді сауаттандырумен айналысқан. Шұқыройда таудың тасын қашап, мешіт салу жұмысын бастаған. Алайда, бұл игі іс аяқсыз қалып, ахунға өзге елдің дәмін тату бұйырған еді.
1928-1929 жылдары қожа-молдалар елден қуылып, көбі жазықсыз атылды, бөтен ел асты. 1929 жылы солақай саясаттың лебі сезіліп, осы жылдың күзінде тағдырдың айдауымен, Ш.Кендірбайұлына туған жері Маңғыстауды тастап, өмірінің соңына дейін Қарақалпақстанның Хожелі қаласын мекен ету маңдайына жазылды. Бұл туралы Қайырбай Тұңғатарұлы: "Ахун шәкірттерге сабақ жүргізіп жатқан кезде, үйге бір ұзын бойлы, қарасұр адам кіріп келіп, ахунмен амандасып, екеуі сыртқа шығып кетті. Сүт пісірімдей уақыттан кейін, Шайхы ахун қағазға жазады. Жазуын аяқтаған соң, шәкірттерін босатты да, мені кідіртіп алып қалып, "әкеңе бер", - деп қолыма қағаз ұстатып жіберді. Мен оны әкеме тапсырдым. Әкем қағазды оқып шықты да, Себепбайды бір жаққа жұмсап жіберді. Себепбай еркек қой әкеліп сойды. Қонақасын жеп болған соң, ахунның көші қас қарая жүріп кетті. Ахунға сол хабар айтқан кісі Алшын Меңдалыұлы екен. Оны кейін білдім", - деп жазады.
Бұған қарағанда, ел ішіндегі тарихи, саяси жағдайды жақсы білетін Алшекең оны алдын-ала сақтандырған, оның үстіне, екеуі рулас адамдар.
Маңғыстауда 1870-1896 жылдар санағында 30-ға тарта мұсылман мектептері жұмыс жасап, жылына 300-ге тарта бала оқу бітіргендігі туралы деректер бар.
Алайда, Қазақстанда отаршыл Ресейдің тарапынан мұсылмандық білім алуға жасанды кедергілер ұйымдастырылды. Өзінің отаршылдық ниеттерін іске асыруға мұсылман мектептерінің ықпалын әлсіретуді көздеді. Сондықтан да орыс және қазақ зиялы мектептерінінің ісін кеңейтуді қолға алды. Сол мектептер арқылы бірқатар міндеттерді шешуге тырысты. Ең алдымен, қазақтарды дәстүрлі білім жүйесінен, өз діндерінен тайдыру, содан соң қазақ халқын орыстандырып, христиан дініне тарту мақсаты көзделді.
Мұсылмандардың оқу орындарын ашықтан-ашық кемсітіп, қорлау саясатына көшті. Ендігі жерде мектептер мен медреселер ашу үшін, уезд бастығының арнайы рұқсатын алуы тиіс еді. Молдаларды тағайындайтын да, жұмысынан босататын да әскери басшы болып белгіленді. Мешіттер мен медреселер қазақ қоғамының өз есебінен ұсталуы керек деп шешілді. Үкімет молдаларды қатаң бақылауда ұстады. Молда түгілі, мешіттің оқушыларына да жағдай жасалмады. Мешітке оқушылардың көпшілік бөлігін алыс шалғай ауылда тұратындардан ғана қабылдады. Бұл саясаттың да астарында арам пиғыл жатқан еді. Өйткені, шеткері ауылдардан балаларына қатынау, керек-жарағымен қамтамасыз ету ата-анаға қиын тиетін. Оның үстіне, тәрбиеленушілер бұрынғыдай мешітте емес, жатақханаларда тұрды. Бұл себептердің өзі мешітке деген сұранысты төмендетті.
1870 жылы патша үкіметінің "Бөтен христиандар мен татар магометандар туралы арнайы Ереже" атты шешімі шығып, ол бойынша барлық мектепте, мешіт-медреседе орыс тілі сабағы жүруі көзделді. Оған қоса, мешіттерді бұрын қаржыландырып отырған байлар, қожа молдалар елден жыраққа қуғындалды. Бүкіл Қазақстан аумағында біршама мешіттер жабылып, қара құлып салынды. Мұсылмандардың кітапханаларына тыйым салынды, кейбіреулерін өртеп те жіберді.
Еріксіз елден көшкен Шайхы ахун жатжұртқа сіңісіп, Қарақалпақстандағы сыйлы адамдардың біріне айналады. Ол 1942 жылдан 1959 жылға дейін Пірім Ишан мешітінің бас имамы болып істеді. Бұл мешітте Шайхы ахуннан кейін Қ.Ділмағанбетов қазақтан шыққан екінші имам болғандығын тарихшы ұстаз М.Нығметуллаев жазады [М.Нығметуллаев. "Адай кіндікті әулиелер". Алматы: - "Нұрлы әлем", 2010. - 411-б.].
Шайхы ахун 1959 жылы 78 жасында туған елден жырақта қайтыс болды. Хожелі қаласындағы Мәздімхан сұлу қорымында жерленген. Қарақалпақстанды мекен еткен бүкіл қазақ, өзбек, түрікмен, қарақалпақ ағайындар күш біріктіре басына күйдірілген қызыл қыштан қабырғасының қалыңдығы бір метрлік мешіт-күмбезді өз қолдарынан орнатқан:
Шайхы Кендірбайұлын құрметтеп, оған өлең арнағандардың қатарында озық ойлы Ыбырайым ахун да бар:
Сатқан қажы, Шайхы ахун -
Талабы хақтан ырзалық.
Үйдің ішін сәндеді,
Асыл затты пұлға алып.
Сатқан қажы, Шайхы ахун
Медина мен Меккеге
Зиярат қылды бір барып.
Шаһарлы жерде болмаса,
Адамзатқа бітпеді,
Шайхыдан артық молдалық.
Осылар үшін таба алсақ,
Ажарлап сөзді, сырлалық.
...Сатқан қажы қасында-ай,
Жиырма жеті жасында-ай,
Шайхы молда Шоңайдың
Арапада айт шалған,
Бәйтілләда хаж қылған,
Еткен ісі осындай.
Жұмысына Тобыштың
Жері жоқ қалған қосылмай.
Шайхы - елдің ағасы,
Ешкімнің жоқ таласы,
Асыл ердің баласы,
Алтын тонның жағасы,
Пақырлардың панасы,
Ақылында өлшеу жоқ,
Ақ дарияның сағасы,
Сөзбенен ішті еріткен,
Адамның еді данасы.
Өткен іске өкініп,
Қалмаған тілден тобасы.
Білгірсінген талайдан,
Артық еді бағасы.
Нар еді туған айырдан,
Ақ-қараны айырған,
Шайхыға кімнің таласы?!...
Шайхы ахунмен құжаттарда аты қатар аталатын және бір адам-Сығындыда болыс болған - Тағаев Сәуірбай. Сәуірбай да саясаттың кесірінен жат жердің топырағын басты, кері шақырылып, атылды. Уақытша Халық Кеңесінің төрағасы, қызметшісі, барлық қоғамдық ұйымдарының басында болғандар осылай жапа шекті. 31 мамыр Елбасының Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып, 1997 жылдан бастап атап өтіледі. Қатыгез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырап, туған елден жырақта көз жұмған, немесе атылған Шайхы Кендірбайұлы сынды елінің ардақтылары біздің өлкемізде де жетіп артылады.
Енді ондай сұмдықты ел басына салмағай! «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген бұрынғылардан қалған қағидалы сөз бар. Ал өлі жебеу үшін де, тірілерге оларды жоғалтпай, қадірлей, түгендей білу парыз.
Ж. Дүйсенбаева,
Ақтау қаласы