Қарақия ауданында карантинге алынған үш ауыл аудан орталығынан алыс, Жаңаөзен қаласымен іргелес орналасқан. Сенек ауылындағы коронавирус жұқтырған науқастарды қазір Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының инфекциялық аурулар бөлімі емдеп жатыр. Бұл туралы Қарақия ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осыған байланысты аудан басшысы Қыдырберді Беков жаңаөзендік ақ халатты абзал жандарға алғыс айтып, челлендж жолдаған болатын. Бұл бастаманы Нұр отан партиясының аудандық филиалы, Қарақия аудандық мәслихатының депутаттары қолдап, бүгін аталған қаланың дәрігерлеріне алғыстарын жеткізді. Олар өз ықыластарын шұбат, балқаймақ, ұлттық тағамдар топтамасын контактсіз жеткізіп беру арқылы білдірді.
Адам жанын арашалау үшін қауіпті ортада жүрген дәрігерлерге барша қарақиялықтардың алғысын жеткізді.