Бұл туралы өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Болат Ережепов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша Маңғыстау, Түпқараған және Бейнеу аудандарына қарасты ауылдарға кірме жол салу жұмыстары жуық арада басталмақ.
Шайыр ауылына кірер жолдың жоқтығы соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген мәселенің бірі. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 2,8 шақырымдық трассаны салуға қажет қаржы қаралып тұр. Маңғыстау ауданының әкімдігі конкурс ойнатуы керек. Жеңімпаз мердігер анықталған соң жол құрылысы басталады, - деді ол.
Сондай-ақ Маңғыстау ауданына қарасты Жармыш ауылына да ұзындығы екі шақырымдық кірме жол биыл салынуы тиіс. Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеден шығаберістегі ұзындығы 0,21 шақырымдық және Қарақия ауданының Ералы стансасына 12,5 шақырымдық кірме жол салынбақ.
Дәл осындай жоба Бейнеу ауданының Сыңғарлау ауылы мен Түпқарағандағы Қызылөзен ауылында таяу арада жүзеге аса бастайды деп көзделіп отыр.
Айта кетейік, аталған трассаның барлығы кеңестік кезеңде салынған. Уақытында жөндеу көрмеген соң тозығы жетіп, көліктің жүруіне жарамсыз жағдайда тұр. Осы жолдарды жөндеу үшін облыстан тиісті қаражат мәселесі шешіліп те тұр.
Тиесілі елді мекен әкімдіктері конкурс ойнатып, мердігер мекемелер анықталады. Содан кейін жұмыс басталады. Жұмыс барысында кемшілік анықталса, оны түзету бірінші кезекте мердігер мекемеге жүктеледі.