Бұл туралы Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері Маңғыстау мешіттері уағыз, намаздар мен сауат ашу оқуларын тоқтатып, қашықтан жұмыс жасауға көшті. Өңірдегі аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, көктемгі мезгіл болғандықтан ағаш, гүл отырғызу жұмыстары қолға алынуда.
- Қазақта "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" деген сөз бар. Оның үстіне Маңғыстау өңірі шөлейтті аймақ болғандықтан, көбірек ағаш егіп, гүл отырғызған абзал. Осыған орай, облыс мешіттерінің аулаларына 500-ге тарта ағаш егіліп, гүл көшеттері отырғызылды, - дейді ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов.
Ізгі шара облыстағы барлық мешіттерде қолға алынды. Әсіресе, облыс орталығындағы Бекет ата мешіттері мен Жаңаөзен қалалық мешітінің маңына талдар егіліп, гүлдер отырғызылды. Шалғайдағы Бейнеу, Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия, Мұнайлы аудандық және бірқатар ауылдық мешіттердің қызметкерлері де қолдарына күрек алып, жер қопсытып, тал екті. Имамдар егілген 500 түп ағаш пен гүл көшеттерінің көктем шыға бүршік жарып, Алла үйінің аулаларына көрік беріп тұрарына сенімді.