Ақтау қаласының 11 шағынаудандағы № 10 үйдің екі тұрғынынан коронавирус инфекциясы анықталғаннан кейін үй тұтас карантинге жабылған болатын. Алайда бүгін әлеуметтік желілерде осы үйдің есігінің “тесілген” фотосы шарлап кетті. Қала әкімінің баспасөз қызметі аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
"Әлеуметтік желілерде бір суретке негізделген жалған ақпарат тарауда. Адамдар бір-біріне «подъездің есігін құлыптап, жауып тастаған, тек саңылау қалдырған» деп сурет жіберіп, осыған қарап пікір білдіруде. Карантин режимінің талабына сәйкес, науқас анықталған подъезд тұрғындары оқшаулану керек. Тәулік бойына полиция қызметкерлері тұрады, күндіз әкімдік қызметкерлері тұрғындардың сұранысына орай, азық-түлік пен керек-жарақтарын уақытылы қажетіне орай жеткізіп тұрады. Барлығының ұялы телефондары жазулы. Әрқайсысымен байланысып тұрамыз. Сондықтан есіктің ашық екенін жеткіземіз және түнде ғана сыртынан жабылады. Саңылау не үшін жасалды? Түнде ыстық тамақ пен басқа да заттарды апарушыларға ыңғайлы болу үшін және тұрғындар қоқыстарын шығару үшін жасалды", делінген қала әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бүгін КВИ жұқтырған ерлі-зайыптылар тұратын үй толығымен дезинфекцияланды. Үйдің айналасында 500 метр арақашықтыққа дейін орналасқан жол, ойын алаңы, спорттық алаңдар, тіпті теректерге дейін залалсыздандырылды. Аталған үйдің барлық подъезін 1-қабаттан бастап арнайы мамандар тазалады. Подъезд тұрғындарына санитарлық мамандар барлық ережелерді түсіндірді.
Сонымен қатар, әкімдік қала тұрғындарынан барлық жағдайға түсіністік танытуды сұрайды.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтаудан бір үйдің екі тұрғынынан коронавирус инфекциясы табылған болатын.