
Бұл жөнінде бес жұлдызды қонақ үйдің бас менеджері Серік Исағалиев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Курорттық аймақта құрылыс кезінде орталық кәріз жүйесі жүргізілмегендіктен қонақ үй кәріз тазарту жүйесін құрған.
- Бізде өзіміздің автономды түрде жұмыс істейтін кәріз тазарту жүйеміз бар. Қонақ үйден шыққан қалдық суын өңдеп, сүзгіден өткізіп болған соң, тазаланған суды Қаракөлге жібереміз. Ал жаз кезінде өңделген техникалық судың біраз бөлігін бақша суаруға қолданамыз. Қыс мезгілінде аптасына бір рет қана Қаракөлге жіберіп тұрамыз. Яғни қыркүйектен бастап көлге аз мөлшерде төгіп жатырмыз. Мемлекеттік құзырлы органдар тазартылған қалдық суды Қаракөлге төгуге рұқсат берді, - деді «Rixos Water World Aktau» қонақ үйінің бас менеджері Серік Исағалиев.
Сондай-ақ ол демалыс орнында арнайы эколог маманы жұмыс істейтінін айтады. Эколог әр тоқсан сайын лабараториялық талдау жасап, экология департаментіне есеп береді. Бас менеджер қонақ үй бүгінгі күнге дейін экологиялық жағдай бойынша нормативтерді бұзбағанын жеткізді. «Rixos» басшылығы қонақ үй орталық кәріз жүйесіне қосылғаннан кейін Қаракөлге жүргізілген құбыр жабылатынын айтып отыр.
- Қазір орталық кәріз жүйесінің желісі қонақ үй аумағына жүргізілді. Қонақ үйдің кәріз желісін орталық жүйеге қосу жұмысы жүргізілді, жуырда аяқталады деп жоспарланып отыр. Осы жұмыстар аяқталған соң Қаракөлге ешқандай су жібермейміз. Дегенмен өзіміздің кәріз тазарту жүйеміз жұмысын жалғастыра береді. Өйткені, ол қонақ үй аумағындағы бақшаны суару үшін қажет. Ал аққулардың өліміне біздің қатысымыз жоқ. Біз кез келген сынға жауап бере аламыз. Тексерістен де қашпаймыз. Құзырлы органдар келіп, сынама аламыз десе есігіміз ашық. Әділ тергеу үшін өз тарапымыздан құжат ұсынуға дайынбыз, - деп қосты Серік Исағалиев.