Маңғыстау облысында теңіз жаяу әскерлерінің командирі подполковник Азамат Сүлейменовтің басшылығымен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы теңіз жаяу әскерлері бригадасының батальондық тактикалық оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оқу-жаттығу барысында орын алған оқиғаларды Бас штаб бастығы – Қарулы күштер Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Мереке Көшекбаев пен «Батыс» ӨңҚ әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов бақылап отырды.
Оқу-жаттығуға бірнеше бригаданың бөлімшелері құрамында жалпы саны 800-ден астам әскери қызметшісі қатысты. Маневрлерге жүзден астам жауынгерлік және арнайы техника жұмылдырылды: Т-72 танктері, БТР-82А бронды транспортерлері, Д-30 гаубицалары және «Арлан» БДК және Ми-35 тікұшақтары бар.
Жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейіне келтірілгеннен кейін теңіз жаяу әскерлері белгіленген аймаққа техникамен жорыққа шықты.
Әскери қызметшілер қорғаныста, шабуылда, әртүрлі ландшафттарда, елді мекендерде, күндізгі және түнгі жағдайларда тапсырмаларды орындай отырып, тактикалық маневрлердің толық тізбесін пысықтады. Одан өзге ауданның залалданған учаскелерін еңсеру міндеттері де орындалды.
– Жауынгерлік машиналардан, артиллериялық қарудан, мина атқыштардан, грана атқыштардан және атыс қаруларынан атыс жүргізілді. Бронды техниканы, төмен ұшатын нысандарды және қарсыластың тірі күшін имитациялайтын нысандарға әр түрлі қашықтықтан оқ жаудырды. Оқу-жаттығу қысқы оқу кезеңінде әскери қызметшілерді жауынгерлік даярлау барысында алынған білім мен дағдыларды меңгеру сапасын тексеруге мүмкіндік берді, – деп түсіндірді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов.
Атыс, тактикалық, инженерлік және арнайы даярлық бойынша нормативтерді пысықтау кезінде әскери қызметшілер кәсіби шеберлік деңгейінің жоғары екенін көрсетті.
Жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде бағыныстылардың іс-қимылдарын үйлестіретін және шешім қабылдаған бөлімше командирлерінің тактикалық сауаттылық деңгейі де жақсы деп бағаланды.