«Маңғыстау өңірлік электр желілері компаниясы» АҚ-ның басым бағыттарының бірі – оның электр желісі жабдығының сенімділігін арттыру, өңірді тұрақты және сапалы электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету. Осы бағытта «МӨЭК» АҚ электр желілерін жөндеудің жылдық жоспарын 80% орындады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты "МӨЭК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Негізгі кезеңдердің бірі электр берудің әуе желілеріне жоспарлы техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Электрмен жабдықтаудың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әуе желілерін үнемі жөндеу және күтіп ұстау қажет,- делінген «МӨЭК» АҚ баспасөз хабарламасында.
«МӨЭК» АҚ энергетиктері соңғы үш жылда 1552 шақырымға жуық әртүрлі кернеу класындағы әуе электр желісін және 1038 электр беру мұнарасын жөндеген.
Мәселен, 2021 жылы энергетиктер Маңғыстау облысы бойынша 551,2 шақырым, 2022 жылы 578,6 шақырым әуе желісін жөндеді.
2023 жылдың басынан бері 536,8 км жоспардың орнына 422,4 км әуе электр желілері жөнделді, бұл жылдық жоспардың 80% құрайды.
- Әуе электр желілері қиын климаттық жағдайларда жұмыс істейді. Жел, мұздың пайда болуы, шаң, найзағай сияқты ауа-райының факторларына ұшырайды. Осындай факторлар механикалық зақымдануға, коррозияға және тозуға алып келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде апат қаупін арттырып, электр қуатын беру тиімділігін төмендетеді және тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын нашарлатады. Үнемі жоспарлы жөндеу және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу электр желілерінің шамадан тыс зақымдануын болдырмауға және қызмет ету мерзімін ұзартуға көмектеседі,– дейді «МӨЭК» АҚ бас инженерінің орынбасары Мақсат Әлкиев.