
Республика күні қарсаңында Жаңаөзен қаласының 55 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиын барысында түрлі сала мамандары облыс, қала әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Қазіргі таңдағы ең басты міндет – Жаңаөзенді көркейту. Әрине, барлық бастамалардың сәтті іске асуының қайнар көзі – еңбек адамы. Шынайы жұмыс істеп, ақ, адал еңбегімен ел ырысын еселеп жүрген әрбір жаңаөзендікті біз қашанда құрмет тұтамыз. Тарихи әрі идеологиялық мән-маңызы зор, тәуелсіз еліміздің ұлық мерекесі баршаңызға игілік, бақ-дәулет, ырыс-несібе әкелсін. Қазақстанның тұрақты дамуы мен ұлттық стратегиялық мүддесі жолында әр біріңіздің еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаңыз сәтті болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, зор жетістіктер тілеймін!- деді Жаңаөзен қаласының әкімі А.Қосуақов.
Сондай-ақ қаланың дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген жандарға «Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың қатарында ақпарат саласының үздігі, «Маңғыстау Медиа» ЖШС қарасты облыстық «Маңғыстау» газетінің тілшісі Үміт Жәлеке, мұнайшы Қанат Битимов, мұғалім Хадиджат Манапова, көшбасшы Айсұлу Исаева, жеңіл өнеркәсіп қызметкері,меценат Жаңбырбай Дәрменов , коммуналдық сала маманы Түгел Тауымбаев, сала ардагерлері Оңдаған Алтанов, Исаберген Сейтжан, мәдениет саласы қызметкерлері Махбуза Шоманова мен Дәмелі Өтебаева және спортшы Асхат Сегізбаевтар бар.
#republicday