Осындай тақырыпта Бейнеу ауданында ғылыми-танымдық, әдеби-сазды кеш өтті, – деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Ақын, жырау күйші Қарасай Қалыұлына (1860-1930) арналған шараға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин әлеуметтік желідегі парақшасында: «Әлі күнге шейін Маңғыстаудың зерттелмеген рухани-мәдени қазынасы көп. Соның бірі Ноғайлы жырлары «Қырымның қырық батыры». Оны осы күнге дейін жеткізген Қашаған, Нұрым, Мұрын, Қарасайлардың өздері арнайы зерттеу мен насихаттауды қажет ететін тұлғалар. Бұл бағытта науқаншылықты қойып, үнемі жүйелі түрде ғылыми-зерттеуді іске асырмасақ, қолда барды жоғалту қауіпі бар. Тіпті қасиетті қазыналарымызды көрші елдер иемденіп кетуі мүмкін. Сондықтан академиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталықты Маңғыстаудан ашу күн тәртібіндегі өзекті сұрақтардың бірі. Бұйырса, бұл мәселемен де айналысамыз», – деп жазды.
Сондай-ақ ғалым Еділ Терекбайұлының осы бағыттағы баяндамасын жариялауды жөн көрдік.
* * *
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі ретінде, біз әр отырысымыздың қарсаңында ел ішін аралап, халық үніне құлақ түруге тырысамыз. Өздеріңіз білесіздер, Ұлттық құрылтай отырыстары жалпыұлттық тарихи орындарда өткізіліп келеді.
Бірінші отырысымыз – ұлтымыздың ұйытқысы Ұлытауда, екінші басқосуымыз – күллі түркінің төрі Түркістанда ұйымдастырылды. Енді үшінші жиынымыз – хан ордалы Сарайшықта жалғасады.
Әр өңірдің өзіндік тарихы бар. Ұлық ұлыстың байтағы болған Сарайшық шаһарында – Алтын орда мен ноғайлық кезеңіндегі дәуірімізге басымдық беріледі. Мақсатымыз – ұлтымыздың бірлігі мен территориямыздың тұтастығын насихаттау. Осы орайда ноғайлы жырларының, яғни «Қырымның қырық батыры» циклды дастандарының маңызы зор. Бұл шығармалар – жыр тілінде баяндалған біздің бірнеше ұлысқа ортақ көркем тарихымыз.
Түбі сонау хандық дәуір әдебиетінен бастау алып, ғасырлар бойы жүйелі түрде түзіліп, мазмұнын сақтай отырып толықтырылып, үзіліп қалмай бүгінге жалғасқан жыр жауһарларын жеткізушілердің ерлігі мен еңбегін лайық бағалауымыз керек. Солардың бірі – ақын, жырау, күйші Қарасай Қалыұлы.
«Қарасайдан қалған қазына» атты ғылыми-танымдық, әдеби-сазды кешінде ғалымдарымыз атамыздың сөз өнеріне, саз өнеріне қатысты пікір білдіріп, баяндама оқып жатыр. Біз өз кезегімізде Қарасай жырау Қалыұлының қайраткерлік қызметіне тоқталғымыз келеді.
Әдетте, атамекенінен тысқары өмір сүрген қандастарымыз туралы айтылғанда, кешегі отызыншы жылдардың ойранында жер ауып кеткен қызыл террордың құрбандары мен олардың ұрпақтары жайлы ғана ойлаймыз. Ал оған дейін де осы Маңғыстаудың өзінен XVIII ғасырдан бастап арысы Ауғанға асып, берісі – Бесқаланың ойында қоныстанып қалғандар баршылық.
XVIII ғасырдың алпысыншы жылдары Ресейдің патша үкіметінің жергілікті билігіне қарсы шығып, Жем-Сағыздың бойынан Тескентау асып кеткен ағайындарға көшбасшы болған Қырықмылтық Аман Жарған қажы Құлкөбенұлы деген абыз атамыз Бұхара әмірімен келісіп, ағайындарына жер алып берген екен.
Көшкен жұрт алдымен ауған аумағын мекендейді. Ол қоныс жайсыз болған соң, қақаған қыста Әмударияда сал жасап, ел-халқын жүгімен қосып өткізіп алады. Қазіргі Тәжікстанның Қорғантөбе уәлаяты және Куляб қаласының қазақ аудандарына, Әмударияға құятын Вахш, Пәнджi өзендерiнiң бойындағы қоныстарға орналасады. Жарған қажы сол жердің картасын Бұхара әмірі арқылы киіктің терісіне сызғызып, мөр басқызып, заңдастырып алған. Ол тарихи құжаттар тікелей ұрпағы Жолдас қажы Төлегенұлының әулетінде әлі күнге сақтаулы тұр.
Ал бір ғасыр бұрын Иранға барған босқындарға Бәйімбет Көрпе Оразмағамбет ахун Тұрмағамбетұлы парсының шаһына хат жазып, көлемді жер алып береді. Иран мен Тәжікстаннан келген қазақтардан жөн сұрасаңыз – тірісінің тұратын ауылы да, өлгендерінің тыныстап жатқан қауымы да қазақ ортасы екеніне көзіңіз жетеді.
Дәл сол сияқты Әмударияның бойынан, Бесқаланың ойынан жер алды дейтін екі қазақты білеміз. Олардың бірі – аталы сөзімен жау қайтарып, баталы бәтуасымен дау тойтарған Жары Құдайберген Мәтжан би Тілеумағамбетұлы, екіншісі – таңды таңға жалғап, ноғайлы жырларын айтып, Жөнейт ханды мойындатып, ел-жұртын қоныстандыруға шұрайлы жер алған – Қырықмылтық Қотырбас Қарасай жырау Қалыұлы.
Әлқисса, Хиуа ханының алдында түйінді дауды бейбіт шешіп, бітімгерлігін айтқан Мәтекеңе хан риза болып, бұйымтайын сұрайды. Сонда жарықтық Мәтжан кәкеміз дарияның бойын нұсқап, сол тұстан кеше қонақ асында сойылған өгіздің терісінің көлеміндей жер беруін бұйымшылайды. Хан өтінішіне сөзсіз келіседі. Сөйтсе, биіміз тапқырлығын танытып, теріні әбден илетіп, қылдай қылып жіп жасап, үлкен аумақты белгілеп алған екен. Сөзін екі етпейтін әмірші Мәтжан би атамыздың амалына риза болып, қылмен қоршалған жерді сыйға берген дейді. Ол маң «Мәтжан жап» деп аталып кеткен.
Енді Қарасай атамыздың жағдайына келейік. Әйгілі Мұхаммед Құрбан Сердар, яғни Жөнейд хан – Хорезмнің ақырғы билеушісі, өмірінің соңына дейін кеңес үкіметіне қарсы күрескен тұлға болды. Совет үкіметі оны «басмашылардың басшысы» деп айыптады. Сол хан өзінің сарайына арнайы алдырып, апталап, айлап қаһармандық дастанымыз ноғайлықты жырлаған қазақ ақыны Қарасай Қалыұлына қатты риза болып, мол тарту-таралғы жасайды. Оны академик Ахмет Жұбанов зерттеу еңбектерінде жазып кеткен.
Хан Жөнейіт Қарасай атамызға: «Мал берейін бе, жар берейін бе?» – дейді. Қарекең: «Жеке өзіме мал да керек емес, жар да керек емес. Мәрт болсаң, қазаққа жер бер!» – депті. Содан хан: «Әмударияның бойындағы Бұзаубасыдан Қаратоғайға дейінгі жерді түгел Қарасайдың қазақтарына беріңдер!» – деп әмір еткен екен.
Бұл оқиғалар бізге жеткені ғана. Біз білмейтін тарих қаншама?!
Таяу Шығыс пен Орта Азия елдеріндегі күні бүгінге дейін бірыңғай қазақтар шоғырланып отырған ауылдардың қалыптасуы мен іргетасының қалану баяны осындай. Әйтпесе, ол жақтарда бас сауғалап барған қазаққа қай атасы енші дайындап, қай нағашысы жарылқайын деп күтіп отыр дейсіз?! Жер дауы мен жесір дауы үшін ұзақ уақыт соғысып өткен көрші халықтар ұлан-байтақ қонысын, сулы да нулы жерін тегін берді дейсіз бе? Міне, бұл – өнердің құдіретін бағалау, білімдіге жүгіну, сөзге тоқтау, билікті мойындау.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөздің дәлеліндей, ол шалдардың ұрпақтары да осал болмаған. Төрін бермейтін тұрттың төбесінде билік құрып, жергілікті жерден жоғары лауазымды қызметтерге дейін атқарғанын естиміз.
Егер атажұртынан ауған аталарымыз этникалық тұрғыда топтасып, диаспора болып отырмағанда, бір ғасырда азшылық көпшілікке жұтылып, табиғи жолмен де, әлімжеттік арқылы да ассимиляцияға ұшырап кетер еді. Жат жерде жүрсе де, ешкімге есесін жібермей, тілі мен ділін сақтап, салт-дәстүрін ұмытпай, құнды мұрасын шашау шығармай ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, бүгінге жеткізуге себеп болған елтұтқа тұлғаларымызға қалай риза болмаймыз?!
Қарасайдың өзі де, шәкірттері де, ұрпақтары да ұлы мұраны ұлықтап, ұлтымыздың рухани қажеттіліктерін өтеп, сусынын қандырып келді. Қарасайдың көзіндей болған материалдық мұралары: домбырасы – Маңғыстау облыстық өлкетану музейінде, қамшысы – әулетінде сақталып келеді. Ал материалдық емес яғни рухани мұралары – белгілі «Қуаныш» атты күйі мен жыр саздары, дастан нұсқалары өнерпаздардың репертуарынан түскен емес.
Ендеше, Қарасайдан қалған қазынаның ғұмыры мәңгі болсын!
Бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша қарар қабылдап, хаттама жасақтап, алда Сарайшықта өтетін Ұлттық құрылтайға ұсыныстар дайндауға шақырамын. Біздер өз деңгейімізде қолымыздан келгенше қолдау көрсетуге әзірміз.
Есіл ерлердің, әулие-пірлердің рухы елімізге шапағатшы болғай!
Еділ ЖАҢБЫРШИН,
Маңғыстау облысы,
Бейнеу ауданы,
Абыл мәдениет үйі,
2023 жылғы 19 тамыз