
Ақтауда «Біз адамдар – біз біргеміз» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен 350 балаға арналған жаңа жылдық іс-шара ұйымдастырылды. Оған көп балалы отбасы балалары, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Салтанатты жиынға қайырымды жандар мен кәсіпкерлер демеушілік көрсеткен. Жаңа жылдық шырша аясында балаларға арнайы шоу көрсетіліп, ойындар ойнатылды.
«Балаларға арнайы ұйымдастырылыған жаңа жылдық іс-шараға демеушілік көрсеткен жандарға алғыс айтамын. Атап айтқанда, балалар көңіл көтерсін деп облыстық және қалалық прокуратуралар 1 күндік жалақысын бөлді. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер Дмитрий Донских, Ирина Беляева және "Бақыт" мектебі мен "Ханшахар" мейрамханасы басшылықтарына алғысым шексіз. Өйткені осы жандардың арқасында балалар қуанып, көңіл-күйлері көтеріліп қалды. Бізге демеушілік көрсеткен барша жандарға алғыс ретінде кеш барысында 18 статуэтка табысталды»,- деді «Біз адамдар – біз біргеміз» қорының басшысы Иманғазы Досмұхаметов.
Сондай-ақ мерекелік жиында балаларға тәтті сыйлықтар, көп балалы аналарға тондар, ал көп балалы отбасыларға аспалы шам және кілемдер берілді. Бұдан бөлек қос аяғынан қатар айрылған жанға баспананың кілті табысталып, 5 балалы әкеге де кілем мен тоңазытқыш берілген.