© ашық дереккөзден алынды
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында талап қоюшы С. жауапкер ТКШ бөліміне тұрғын үй кезегіне Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатының ішінде І топ мүгедегі санатымен 2017 жылғы 10 наурыздағы кезеңмен кезекке қоюға міндеттеу туралы әкімшілік ісі қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Талап қоюшы С. І топ мүгедегі санатымен 2017 жылғы 10 наурыздан бастап тұрғын үй кезегінде тұрған. 2022 жылы талап қоюшы тұрақты тұруға басқа жаққа қоныс аударған деген жазумен есептен шығарылған, алайда талап қоюшы ешқайда қоныс аудармағаны сотта анықталды.
«Сотта судья әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, олар ұсынған дәлелдемелермен және істің өзге де материалдарымен шектелмей, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеп, өз құқықтық пікірін айтқан, нәтижесінде тараптар арасында дауды татуласу келісімімен реттеу туралы келісім жасалған.
Соттың ұйғарымымен тараптар арасында жасалған татуласу келісімі бекітілген, келісім шарттары бойынша жауапкер ұйғарым заңды күшіне енген күннен бастап екі ай мерзім ішінде талап қоюшы тұрғын үй кезегіне Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатының ішінде І топ мүгедегі санатымен 2017 жылы 10 наурыздағы кезеңмен кезекке қоюға міндеттенеді, ал талап қоюшы өз талабынан бас тартады», деп жазылған соттың хабарламасында.
Сотпен тараптарға татуласу келісімін бекіту және талапты қайтару салдары түсіндірілді.
Соттың ұйғарымы заңды күшіне енді.