Мен, Сали Нұртас Төребекұлы, 1992 жылы Бейнеу ауданы Бейнеу селосында дүниеге келдім.
2010 жылы Бейнеу лицейін «Алтын белгімен» тәмамдап, Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түстім. Университет қабырғасында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын игеріп, Маңғыстау өлкесінің дамуына үлес қосуды мақсат еттім.
Еңбек жолымды облыстық ішкі саясат басқармасынан бастап, басқарманың бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқардым. Әрі қарай облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы, одан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымында еңбек еттім. Бүгінгі күні Ақтау қаласы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарып келемін.
Мен өзімнің сайлауалды бағдарламамда аудан үшін және аудан халқының бақуатты өмір сүруі үшін аса маңызды негізгі мәселелерді атап өттім. Қазір сол тармақтарға толығырақ тоқталып өтетін боламын.
Бірінші. Болашағымыз жарқын болсын десек, балаларымыздың сапалы білім алуына үлкен көңіл бөлуіміз керек. Сондықтан білім беру нысандарын күрделі жөндеуден өткізу және ауылдарда жаңа мектептер салу басты назарымда болады. Бұл тұста мектептердегі орын жетіспеушілігі мәселесін инвесторларды жұмылдырып жеке мектептер ашу арқылы да реттегеніміз дұрыс.
Екінші. Тұрғындардың денсаулық жағдайы және оларға көрсетілетін медициналық қызметке аса мән беруіміз қажет. Бұл бағытта, ауылдардағы медициналық пункттерді және денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізіп, оларды жабдықтауға күш салатын боламын. Сонымен бірге, денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін жас мамандарды әлеуметтік көмек пакетімен және тұрғын-үймен қамту, сондай-ақ мектеп бітіруші түлектерге медицина мамандықтарына түсуі үшін түрлі деңгейдегі гранттармен қамтамасыз ету бағытында жұмыстарды ұйымдастыратын боламын.
Үшінші. Бүгінгі күні ауыл жастары бос уақыттарында немен айналысуда, неге жастар арасында құқық бұзушылық жиі орын алуда? Осы сұрақтардың жауабын нақты іспен көрсету қажет деп есептеймін. Атап айтқанда, аудан орталығында және ауылдарда ашық спорт алаңдарын, балалар ойын алаңдарын және воркаут алаңдарын көбірек салумен айналысатын боламын. Сонымен бірге, жастар орталығына типтік үлгідегі заманауи ғимарат салып, аудан жастарының басын біріктіретін орталыққа айналуына жұмыстанатын боламын.
Төртінші. Ауданымыздың географиялық орналасуы ерекше. Оңтүстігіміз Өзбекстан, Орталық Азия болса, солтүстік бағытта Атырау арқылы Ресей және Еуропа. Маңғыстау облысы еліміздің жалғыз теңіз қақпасы екендігін ескеретін болсақ, түбекке енетін құрлық жолы ауданымыздың үстімен өтеді. Сондықтан ауданымыз сауда-логистикалық орталығын құруға сұранып тұр. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының төмендеуіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына септігін тигізеді. Осы бағытты жоспарыма қосып отырмын.
Бесінші. Ауданның экономикалық дамуына серпін беретін бірден-бір фактор инвестиция көздерін тарту мәселесі. Сондықтан экономиканың түрлі салаларына, атап айтқанда өндіріс, агросектор салаларына инвесторларды шақыру, оларға қолайлы жағдай қалыптастыру басым бағыт болуы тиіс және осы негізде жұмыстарды үйлестіретін боламын.
Алтыншы. Өзекті мәселелердің бірі – ол жұмыссыздық. Оны түбірімен жою мүмкін емес, алайда аудан халқының барынша тұрақты жұмыспен қамтылуына басымдық беру менің басты міндетім болады. Ол үшін өнеркәсіп саласына тың серпіліс қажет. Ірі өндірістік мекемелерге қажетті бөлшектерді жинақтайтын жаңа шағын зауыттарды ауданға шоғырландыру, инвесторларды тарта отырып қоқыстарды қайта өңдеу жобасын іске асыру, сонымен бірге жаңа идеяларға негізделген шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету – менің ең үлкен мақсатым болмақ. Ең бастысы жаңа өндіріс көздерін тарту арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашатын боламын.
Жетінші. Адамзатқа ең қажетті ресурс – ол су. Сондықтан барлық ауылдарды ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету мақсатын өзімнің бағдарламама қосып отырмын. Сондай-ақ, «Астрахан - Маңғышлақ» су құбырына балама, қажет болған жағдайда оны алмастыратын, ғылыми негізделген жаңа су көздерін анықтауды және су тұщыту зауытын іске қосуды жоспарыма енгіздім.
Сегізінші. Ауылшаруашылық саласы – табиғат жағдайларына тікелей тәуелді сала және ауданымыздың негізгі кәсіп көзі болып есептеледі. Саладағы соңғы жылдарда орын алған қиындықтар оған жаңа көзқарасты қажет етуде. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен субсидияларды шаруаларға түсіндіру, жеткізу және олардың барлық мүмкіндіктерді кедергісіз пайдалануына жағдай жасау бақылауымда болады. Сол арқылы мал шаруашылығы мен агросекторға жаңа серпін беретін боламын.
Тоғызыншы. Әлемде қалыптасып отырған жағдайға және инфляцияға байланысты халық тұтынатын тауарлар мен қызметтердің бағаларының қымбаттауы байқалуда. Халық бұл мәселені жиі көтеруде. Сондықтан, азық-түліктің және коммуналдық қызметтердің бағаларының негізсіз өспеуіне және оны тұрақтандыруға жұмыстанатын боламын. Оның бірқатар жолдарын жоғарыда атап өттім.
Оныншы. Ауылдың экологиялық мәселесі өте өзекті. Соңғы жылдары үйреншікті жағдайға айналған шаңды дауылдар баршамызды алаңдатып отыр. Аталған мәселені өңірден сайланған парламент депутаттары және орталық атқарушы органдармен тығыз жұмыс жасап, ауданды экологиялық аймаққа енгізу мәселесін қолға алатын боламын. Сондай-ақ, ауыл маңына «Жасыл белдеу» орман алқаптарын құрып, ағаш егу жұмыстарын қарқынды түрде қолға алу қажет. Бұл шара құм басу қауіпі бар ауылдар үшін де аса маңызды деп есептеймін.
Он бірінші. Ауданның туристік әлеуеті өте зор. Олай деуге себеп көп. Табиғи-тарихи ескерткіштер, құмды-шағылдар мен бархандар, ыстық су көздері аудан аумағында жетерлік. Осы бағытта қызмет көрсету саласының дамуына және визит орталықтары мен демалыс орындарының салынуына ықпал ететін боламын. Бұл өз кезегінде ауданның тартымдылығын арттыратын болады.
Қадірлі жерлестер!
Бейнеу ауданының кешегісі мен бүгіні, ауданның өзекті мәселелері маған таңсық емес. Туып-өскен ауылым жүрегіме қашан да ыстық. Жоғарыда атап өткен бағдарламама қосқан тармақтарым үлкен жұмыстардың бастамасы ғана. Бұдан бөлек тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне қажетті ойлап жүрген бірқатар жоспарларым да бар. Басты ұстанатын қағидам – ашықтық!
Сондықтан ауылдастарыммен тығыз байланыста болып, конструктивті диалогқа негізделген қоғамды қалыптастыра отырып, мәселені бірлесіп шешкенді қалаймын. Жаңа ұсыныстар мен тың идеяларға да ашықпын.
Осы жолда Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз қажет, қадірлі бейнеуліктер!
Ізгі ниетпен, Нұртас Сали
Қаржысы жергілікті бюджет қаражатынан төленді