
ҚР ҰҚК «Терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру» фактісі бойынша бес жылға бас бостандығынан айрылған жігіттің бейнеролигін жариялады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Оның түзету мекемесіне түскеніне 1 ай болған.
«11 сыныпты бітіргенмін. Жасым 17-де. Оқиға былай басталды. Мен ғаламтор желісі арқылы бір әйел адаммен таныстым. Ол намаз оқитынын айтты. Кейін әлгі әйел ағасымен танысуымды өтінді. Ағасының қандай адам екенін білмей, кездесуге бардым. Олар мені кафеге апарды. Телеграм арнасындағы видеолардың сілтемесін берді. Сөйтіп, олардың ортақ хабарлама алысатын тобына тіркелдім. Топтағы адамдармен сөйлесе бастадым. Бұл адамдар маған күнделікті үгіт-насихат идеялогиясын жүргізді. Ол топта тек Қазақстанның ғана емес, өзге мемлекеттердің де адамдары болды. Мен олармен сөйлестім, әлеуметтік желілерде олардың идеологиясын насихаттайтын бейнелерді жиі бөлісетінмін. Шынымды айтсам, мен ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмедім. Олар түсінігі мен көзқарасы қалыптаса қоймаған өтпелі кезеңдегі жастарды әдейі өз арбауына түсіреді. Мені де солай таңдаған. Бұл – өз-өзімді таба алмай, немен айналысатынымды білмей жүрген кезеңім еді. Олар «Намаз оқымайтындар – кәпірлер, ал кәпірлермен араласуға болмайды», - деп жиі айтатын. Біз әлеуметтік желілер арқылы 24/7 сөйлесіп отыратын едік. Көбі өз қаламда тұратын. Оларға өзімнің не істеп жүргенімді айтатынмын. Себебі, барлығы жөні түзу адам деп санадым. Қазір ол топпен араласқанға дейінгі және кейінгі өмірімді салыстырып қарасам, олардың жанындағы өмірім қараңғы болғанын түсіндім. Топтағылар тура психологтар секілді еді. Өздеріне сендіреді әрі түрлі уағызымен сенің ой-көзқарасыңа әсер етеді. Соңында достарым мен қызым да теріс айналып, жалғыз қалдым. Мен барлығы бұлай боларын білген болсам, ата-анамды ренжітпей, дұрыс өмір сүрер едім. Болашағыма өз қолыммен балта шаппас Бостандыққа шыққан соң ең алдымен, ата-анамды қуантқым келеді. Барлығы үшін бәріне қатты өкінемін», - дейді бейнероликтегі бозбала.