
Бүгінде Республика күні – Қазақстан Республикасының жалғыз ұлттық мерекесі. Дегенмен, мерекенің бұл мәртебесі арада біраз уақытқа тоқтатылған еді. Қазір Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта тойланады. Ендеше, мереке аясында Mangystaumedia.kz сайты Республика күнінің тарихына тоқталмақ.
1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Ол еліміздің егемендігін жариялап, Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде айқындады. Ел егемендігі унитарлық мемлекет, аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және мызғымастығы, мәдениеттің, дәстүрдің, тілдің қайта жаңғыруы мен дамуы сияқты негіздерге құрылды. Сонымен қатар бұл декларация аясында Қазақстан Республикасындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдениет пен оның әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды.
5 жылдан кейін 18 қазанда ҚР Президенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Жарлыққа қол қойып, 25 қазан Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі — Республика күні, деп жарияланды. Ал 6 жылдан кейін, 2001 жылы мереке мемлекеттік мереке болып танылды. Алайда 8 жылдан соң (2009 жылы) ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Осы заңға сәйкес Республика күні аталып өтпейтін болды.
13 жылдан кейін, яғни, 2022 жылдың 29 қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойып, «Республика күні» мерекесіне Ұлттық мереке мәртебесін қайтарды.
Анықтама: Қазақстандағы ұлттық мерекелер – мемлекеттің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне белгіленген мерекелер.
#republicday