Президенттікке кандидат Қарақат Әбден Шымкент қаласы сайлаушыларымен жүздесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала тұрғындары, туристік сала мамандары, қазақ ұлттық тағамдарына негізделген мейрамханалар өкілдері мен кәсіпкер әйелдер қатысқан кездесуде қоғамдағы өзекті мәселелер мен туризмді дамыту сұрақтары талқыланды.
«Шымкент қаласының ішкі және сыртқы туризмді дамытуда әлеуеті өте зор. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен инфрақұрылымның жақсаруы – туризмді дамытудың бір ғана қыры. Осы саланы жетілдіру арқылы біз еліміздің ұлттық және тарихи-мәдени құндылықтарын кеңінен насихаттаймыз. Қазақ ұлттық тағамдарын жаңғыртып, туристерді қызықтырудың ең ұтымды бағытын дамытып жүрген кәсіпкерлер бастамаларын қолдау керек»,- деді Қ.Әбден.
Сайлаушылармен кездесуден соң кандидат өңір тыныс-тірлігімен танысып, қалада өтіп жатқан «Көксарай» футбол турнирінің жеңімпаздарымен кездесті. Құттықтау сөзінде Қарақат Әбден бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау маңызына тоқталды.
Бұдан бөлек, кандидат аймақтағы сайлауалды штабы өкілдерімен жүздесіп, үгіт-насихат жұмыстарының нәтижелерімен танысты.
Кандидат Қ.Әбден ел аймақтарын аралап, 8 облыста 30-дан астам кездесу өткізді. Алдағы уақытта ол Түркістан және Жамбыл облыстарының сайлаушыларымен жүздеседі.
ҚР Президенті кезектен тыс сайлауы 2022 жылғы 20 қарашада, жексенбіде өтеді. Қазақстан сайлаушыларының тізіліміне белсенді сайлау құқығы бар 11,8 миллионнан астам азамат енгізілген. Маңғыстау облысында сайлаушылар саны 411 мыңнан асады. Бүгінде облыста алдағы сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз ететін 1 облыстық, 2 қалалық және 5 аудандық сайлау комиссиялары жұмыс істейді. Әр учаскеде осы учаскеде тіркелмеген адамдардың сайлау учаскелерін анықтау үшін 2 сервистік орталық жұмыс істейді. Бұдан басқа, 5 сайлау учаскесінде тіркелмеген адамдарды уақытша тіркеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жұмыс істейтін болады.
Сайлау алдындағы үгіт 21 қазан сағат 18.00-де басталып, 19 қараша күні түн ортасында аяқталады. Содан кейін тыныштық күні жарияланады, ал 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 7:00-де республика бойынша сайлау учаскелері ашылады. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 20:00 - ге дейін жалғасады. Сайлау нәтижелері 27 қарашадан кешіктірілмей жарияланады.