Мәжілісте әйелдердің зейнет жасын 61 жасқа бекіту туралы заң қабылданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру тұрғысында депутаттар заң жобасы аясында әлеуметтік блокқа қатысты тиісті түзетулер енгізді.
Осы орайда бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайту, ең төмен базалық зейнетақы мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінен – 70% дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120% дейін дәйекті түрде жеткізу, әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекіту, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген деңгейге дейін ұлғайту ескеріліп отыр.
«Заң жобасы шеңберінде қаралатын мәселелер аясының кеңеюін ескере отырып, депутаттар заң жобасының тақырыбын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді», - деп нақтылады депутат Жәмила Нұрманбетова.
Қыркүйек айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру туралы айтқан еді.