ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлікті тіркемей такси қызметін көрсеткенде көліктер тәркілене ме деген сауалға жауап берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Аталған мекеме бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің кейбір баптарында соттың тиісті шешімі болған жағдайда мүлкіне тыйым салу қарастырылған. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, сот шешімінсіз ешкімді де мүлкінен айыруға болмайды", - делінген хабарламада.
Бүгінгі күні такси қызметін заңсыз жүргізгені үшін көлік құралдарын тәркілеудің бірде-бір фактісі тіркелген жоқ.
Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерді тіркемей такси жүргізгені үшін 15 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылғанын ескертті.