ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасындағы «Штрихи к портрету. Лидер» фильміне сұхбат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің жасымда бәрінен демалғым келеді. Бірақ ол мүмкін емес. Өйткені, адамдар хат жазады, кездесуге сұранады. Осылайша, жұмыс істеуге тура келеді. Поштаға да халықаралық және ел ішінен толассыз хаттар келеді. Бұл бір жағынан жақсы шығар. Ми жұмыс істеуі үшін бір нәрсемен айналысу керек», - дейді Елбасы.
40 минуттық фильмде Елбасы шекараларды бекіту бойынша көршілес Ресей, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан елдерімен келіссөз қалай жүргенін еске алды.
Сонымен бірге, Тұңғыш Президент ресейлік саясаткерлердің Қазақстанның солтүстік аймақтары туралы мәлімдемелері жөнінде пікір білдірді.
«Саясаткерлер көп нәрсені айта береді. Жер бердік дейді, алдық дейді, сыйладық дейді. Қандай жерді сыйлапты? Егер біз Алтын Орданың мұрагері болсақ, Мәскеу княздігі алым-салық төлеген. Енді 800 жылдық тарихты еске алуымыз керек пе? Сондықтан, айтылып жатқан түрлі пікірлерге мән берудің қажеті жоқ. Ресейдің ресми билігі бұл мәселе бойынша түсініктеме берді – сол ғана маңызды», - деп жауап берді Н. Назарбаев.
Деректі фильмнің толық нұсқасын төмендегі видеодан көруге болады.