Реквизиттердің толтырудың күрделілігі мен көптігінен кейбір салық түрі дұрыс төленбей жатады. Мемлекеттік кірістер комитеті осыған байланысты «eSalyq» мобильді қосымшасында «Салық əмияны» қызметін іске қосты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бюджеттік және салықтық заңнамаға сәйкес салықтың әр түрінің өз реквизиті бар. Қазіргі таңда 3 мыңнан аса реквизиттің ішінде салық төлеуші өзіне қажетті төртеуін көрсетуі керек. Олар: бюджеттік кодтың классификациясы, төлем тағайындау коды, бенефициардың БИН-і мен сома. Реквизиттің көптігінен бюджетке төлем дұрыс аударылмауы мүмкін. Осыған байланысты қалыптасқан бюджеттік, қазынашылық, банк жүйелеріне тиіспей, жаңа салықтық әмиян қағидатын енгізу туралы шешім қабылданды», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мамаев.
Осылайша, биыл Мемлекеттік кірістер комитеті «eSalyq» мобильді қосымшасындағы «Салық əмияны» қызметін іске қосып отыр.
«Ол көптеген мəліметтерді толтырудың қиындығына байланысты салықтарды қате төлеу проблемаларын жояды. Қосымшаны App Store жəне Play Market-тен тегін жүктеуге болады. Салық əмияны негізсіз айыппұлдарды жойып, қайтарымдар мен инкассалық өкімдердің санын азайтады, салық төлеушінің шығындарын қысқартып, уақытын үнемдейді. Банктердің комиссиялық алымдарын төлемей, салықтарды төлеуге болады», - деді комитет өкілі.
Оның айтуынша, жеке тұлғалар мен кəсіпкерлерге «салық əмиянын» толтыру арқылы балама салықтарды төлеуге мүмкіндік бар. Əмияндағы ақша автоматты түрде салық міндеттемелері пайда болған салықтарға есептеледі.
«Сіз бюджетке ағымдағы жəне алдағы міндеттемелерді салықтар жəне мемлекеттік кірістер органдары тұрғысынан қарай аласыз. Мүлік, жер жəне көлік салықтары бойынша салық салу объектілері туралы мəліметтерді көруге болады», - деп түйді Талғат Мамаев.