Жаңаөзен қаласының тумасы Әнуарбек Иманбаев «Tesla» сервис орталығын алғаш рет Қазақстанда ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ол Hommes.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Әнуарбек Иманбаевтың айтуынша, 2020 жылы Алматы қаласынан «Tesla» сервис орталығы ашылады. Сондай-ақ елдегі екі-үш қалаға супер қуаттағыш бекеттерін орнатпақшы. Бастысы қызметтің сапалы әрі ыңғайлы болуын қалайды. Ол 2019 жылдың наурыз айында Tesla-ның қуаттағыштарын Қазақстанға жеткізуді мақсат еткен болатын. Қазіргі таңда өз бастамасы бойынша жұмыстарын жүргізуде.
Мақсаты айқын болған Әнуарбек алдымен елге келіп жылдам зарядтағышты орналастыратын жерлерді анықтаған. Былтыр қараша айында Астанаға, кейін Алматы қаласына Talan Towers қондырғысын орнатқан болатын.
«Алматыға келгенімде Бақытжан Сағынтаевпен кездестім. Жобаны электромобильдерге арналған «Жібек жолы 2.0» нұсқасы арқылы іске қосқымыз келетіні туралы әңгімелестік. Ол үшін қазақстандықтар жол салып, оларды электрлендіруі керек. Қытайдан келетін тауарлардың көп бөлігі Еуропаға экспортталғандықтан, Қазақстан ең ірі транзиттік хабқа айналуы мүмкін, сондықтын Қазақстан үкіметін мұны байыпты қабылдауға және электромобильдерге бейімделген жол құрылысына ақша салуға ынталандырғым келді», - деді ол өз сөзінде.
Айтуынша, бұл идеяны премьер-министр Асқар Мамин қолдаған. Қазақстандық делегация Сан-Францискоға Илон Маскпен және Фресонттағы зауытпен, «Tesla» электромобильдері жиналған зауытпен танысуға барған. Іссапар барысында Қазақстан бойынша жылдам зарядтағыштар мен қызмет көрсету орталықтарын орнату мүмкіндігін талқылаған екен.
Әнуарбек Иманбаевтың тағы бір арманы – Қазақстанда «Тесла» зауытын салу. Сол арқылы елде автомобильдерді шығарып, содан кейін оларды Ресейге, Өзбекстанға, Қырғызстанға және басқа елдерге сату.
Айта кетейік, компанияның негізгі миссиясы – тұрақты энергияға жаһандық көшуді тездету. Tesla-ны Қазақстанда кеңінен насихатталуына үлес қосып жүрген Ә.Иманбаевтың есептеуінше, электромобильдерді сату өседі. 2024-2025 жылдары электромобильдерді сату барлық сатылымдардың 1/3 құрайды.
«Болашақ осында! Мәселен, қазір Қытай тұрақты даму үшін көп нәрсені істеп жатыр, өйткені бұл ел өте ластанған. Сондықтан адамдар тез зардап шегеді және ауырады. Мен мұндай жайттың Қазақстанға келуін қаламас едім, сондықтан қазірден бастап әрекет етуіміз керек. Сол үшін инвестиция тарту керек. Адамдардың менталитетін және тұрақты энергияға деген көзқарасты өзгерту қажет», - деді Әнуарбек Иманбаев.
Жаңаөзенде туған Әнуарбек Иманбаев тоғыз жасында АҚШ көшіп кеткен. Қазіргі таңда Техаста тұрып жатыр. Сонымен қатар әлем таныған Илон Маскпен жұмыс істеп, Қазақстанда электромобильдерге арналған дамыған инфрақұрылым құруға атсалысып жүр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА