Аймақты Каспий теңізі жағалап жатқандықтан Маңғыстау облысы үшін су объектілерінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету күн тәртібіндегі басты мәселе. Биылғы маусымда теңізге батып қаза болғандардың саны 14, оның ішінде 6 бала. Жыл басынан бері 15 адам құтқарылса, соның 4-еуі бала, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс бөлімі бастығының міндетін атқарушы Рәтбек Қожахметұлы Демеуберген мәлімдеді. Маңғыстауда шомылуға тиым салынған жерлерде суға бату оқиғалары көп орын алады. Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі судағы қауіпсіздік ережелерін бұзумен байланысты. Талдау көрсеткендей, бұл оқиғалардың негізгі себептері тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде суға шомылу болып отыр, бұл 14 жағдайдың 12-і. Күн сайын ЖҚЖ күшімен патрульдеу және судағы жаппай демалу орындарына рейдтер жүргізіледі. Сонымен қатар, апта сайын, әр сенбі сайын Департаменттің жеке құрамы осындай рейдтер жүргізеді. Суға шомылу маусымының өткен кезеңінде судағы қауіпсіздік шаралары туралы 22 мың данадан астам (22 352) үгіт-насихат өнімдері таратылды.Теңіздегі құқық тәртібі мәселелерін жергілікті полиция қызметі бақылайды, олармен бірге осы күнге дейін 362 рейд жүргізілген. Нәтижесінде ішкі істер органдары 346 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, -деді Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «ЖҚЖ» ММ бастығының орынбасары Бауыржан Мырзағұлов. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның 10 отырысы өткізілді, оның ішінде 3 облыстық, 7 қалалық және аудандық. Маңғыстау облыстық мәслихатының 2015 жылғы 10 желтоқсандағы № 29/435 «Маңғыстау облысында жалпы су пайдалану Қағидалары туралы» шешіміне суға шомылуға тыйым салынған орындар толықтырылды, атап айтқанда: 43 км; «Голубая бухта» 64 км; «Саура» 82 км; «Тамшалы» Форт-Шевченко қаласынан Таушық ауылына қарай 30 км; «Сарытас» Форт-Шевченко қаласынан Таушық ауылына қарай 51 км. Бұған дейін бұл тізімде тек екі учаске болған: «Шора» су арнасы және Т. Г. Шевченко ескерткішінен төмен орналасқан су учаскесі. Суға шомылу маусымы басталғаннан бері Жедел құтқару жасағы күштері күшейтілген қызмет атқару нұсқасына ауыстырылған. Шомылуға арналған қауіпті учаскелерде кезекшілікті жүзеге асыратын мобильдік бекеттер ұйымдастырылған. Құтқарушылар біршама жұмыстарды атқарғанымен, тұрғындар қауіпсіздік ережесін назардан тыс қалдырып отыр.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ