Ақтау қаласындағы №2 маршруттың жүру бағытына өзгеріс енгізілді. Бұл жайында Ақтау қаласының әкімдігі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Өзгеріс 32 В "Шаңырақ" шағынауданы тұрғындарының өтінішімен енгізілген. Бұрын №2 автобус 32-ші шағынауданнан өтіп, 31 және 31 «Б» шағынауданның арасымен жүретін еді. Шығыс шағынауданына қарай бұрылып, "Жерұйық" мейрамханасынан Сары базарға дейін баратын. Ал қазір №2 қоғамдық көлік Мемлекеттік кірістер департаменті алдымен өтіп 32В "Шаңырақ" шағынауданын қамтып, бұрынғы бағытына қайта түседі. Енді 32В "Шаңырақ" шағынауданның тұрғындары да №2 автобусқа міне алады. Біз мән-жайды білу үшін Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық. «Бұрын №2 маршрут барып, келу айналымы 37 шақырым еді, қазір тек 2 шақырым қосылды. Бұрын 16 автобус болған, қазір жол жүру бағытының өзгеруіне байланысты қосымша 1 автобус қосылды. Автобус қосылғанға дейін жұмыс күндері жүру аралығы 8 минут, ал қазір 6-8 минут болды. Ал демалыс күндері күндері автобустың жүру аралығы 8-10 минут болып отыр», - дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомбиль жолдары бөлімінің қызметкері Жалғас Мейилов.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН