©
Ақтау халықаралық әуежайында таңғы сағат 6.20-дан бері электр қуаты жоқ. Жарық электр желілерінің қысқа тұйықталуының салдарынан сөніп қалған. Соның салдарынан Ақтаудан ұшатын рейстер бөгеліп, терминалдағы 100-ге жуық жолаушы мен әуежай қызметкерлері сыртқа шығарылған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Қысқа тұйықталудан пайда болған түтін желдету жүйесі арқылы терминалға жеткен. Біз адамдарды қауіпсіз жерге көшірдік. Ештеңе жанған жоқ, адамдар зардап шекпеді», - деп мәлімдеді халықаралық әуежайдың атқарушы директоры Ерғазы Жолдасов.
Оның айтуынша, оқиға таңертеңгі сағат 06.20-да болған.
«Оқшаулаушы кәбілдердің балқуынан әуежайдың әуевокзалы қуат алатын кәбілдер кіретін коммуникациялық құдықтан түтін шыққан. Сондықтан терминалдың электр жүйесі қолдан ажыратылды. Түтін әуежайдың өрт қауіпсіздігі қызметінің күшімен жойылды. Аталға кәбіл желісі ғимарат пен перронның бетонды еденінің астынан жүргізілгендіктен оны ашуға біршама уақыт кетті. Қажетті жиынтықтар мен кәбір желілеріне тапсырыс бердік, жеткізілуде», - деді Е.Жолдасов.
Қалпына келтіру жұмыстары сағат 13.30-да басталған. Ақтау электр желілері басқармасы (АУЭС) қосымша күші тартылған. Атап айтқанда, 5 кәбілші мен 2 маманнан құралған зертхана жұмыс жасап жатыр. Мамандар желілерді сынақтан өткізгеннен кейін, жарық кешкі сағат 18.00-ге дейін беріледі дейді әуежайдың директоры.
Оқиғаның салдарына бүгін Ақтаудан Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларына бағытталған ұшақтар 1 сағатқа кешігіп ұшқан. Қазір әуежай жұмыс жасап тұр, жолаушыларды тіркеу қолмен жүргізілуде.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет сайттың архивінен