©
Қазақстанда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Президенттің тапсырмасымен ең төменгі жалақы мөлшері, ынтымақты зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің көлемі өсті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР Үкіметінің сайтына сілтеме жасап.
Жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері 1,5 есеге, яғни 28 мың теңгеден 42 500 тг өсті. Енді ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды.
"Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35%-ға өседі", - делінген Премьер-министрдің сайтында.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 20%-ға кезең-кезеңімен ұлғайтылады.
Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап еңбекке қабілетінен айырылған 88,3 мыңға жуық адам мен асыраушысынан айырылған 50,1 мың кісінің әлеуметтік жәрдемақысы 5%-ға өсті. Енді еңбекке қабілетінен айырылғандар 16,6 мың теңге (былтыр 15,9 мың теңге), асыраушысынан айырылғандар 21,7 мың теңге (былтыр 20,6 мың теңге) алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, ынтымақты зейнетақы 7%-ға, базалық зейнетақы 5%-ға өсті. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі ынтымақты зейнетақы — 36 108 тг, ең төменгі базалық зейнетақы — 16 037 тг құрайды. Осылайша міндетті зейнетақы аударымдарын енгізгенге дейін зейнетке шыққандар үшін ең төменгі зейнетақы 52 145 тг болды.
Сонымен қатар, 2019 жылы БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері — 16 037 тг құрайды.
Ең төменгі ынтымақты, базалық және жинақтауыш компоненттерді қосқанда, зейнетақының ең төменгі мөлшері 68 182 теңге болды.