©
Сырттай бөлімге енді 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап студент қабылданбайды. Мұндай қадам арқылы Білім және ғылым министрлігі мамандардың сапасын көтермек. Өйткені студенттер сырттай білім алу кезінде күндізгі оқу бағдарламасының тек 65 процентін ғана меңгереді екен, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап. Еуропалық құқық және адам құқығы жөніндегі сараптамалық институттың директоры Марат Башимовтың айтуынша, қолында дипломы бар маман жауапты қызметке келіп, қате шешім қабылдаса, ол адам өміріне қауіпті болуы мүмкін. "Ұстаз болсын, инженер болсын айырмашылығы жоқ. Егер ол өз міндетін жетік білмесе, қоғамның дамуына кері әсер етеді", - дейді ол. Дегенмен сырттай оқудың баламасы ретінде «part time» жүйесі қарастырылып жатыр. Оның ерекшелігі, оқу кестесі студенттің ыңғайына қарай қойылады. Мәселен, жұмыстан кейін немесе демалыс күндері. Мұндай жағдай таңнан кешке дейін қолы босамайтындар үшін қолайлы болмақ. "Part-time институты білім беру саласына өте қажет. Сол үшін құқықтық актілері дайындалып жатыр. Осы бағдарлама бойынша оқығысы келетіндер қатары да артуда. Мұндағы басты талап, студенттер мемлекеттік бағдарламада көрсетілген 100 процент білімнің 65 пайызын ғана емес, толықтай меңгеруі тиіс. Екіншіден қашықтықтан оқыту жүйесін қолға аламыз", - дейді ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов. Бүгінде қысқа мерзімді оқу бағдарламалары жоғарғы оқу орындары үшін үлкен бәсекелеске айналған. Мәселен, тіл мектептері мен бухгалтерлік курстарды айтуға болады. Қолында IELTS немес TOEFL сертификаты бар адамның шет тілін меңгергеніне ешкім шүбә келтірмейді. «part time» жүйесінің төлемақысын жоғары оқу орындары өздері бекітеді. Ал қай семестрде қанша сабақ оқу керектігін студенттің өзі таңдайды. Ал биылға дейін сырттай оқуға түсіп үлгергендер диплом алғанға дейін бұрынғы жүйемен оқуын жалғастыра алады.