Маңғыстаулық түйе палуан Мейрамбек Жаңабай Ақтауда өткен республикалық турнирде 1-орынды иеленіп, 200 мың теңге сыйақыға ие болды, - деп хабардайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазақ күресінен жастар арасында «Шоғы батыр Мұңалұлы» атындағы I республикалық турнир 8 желтоқсан күні Ақтау қаласында өтті. Бұл жарысқа «Шоғы батыр» қоғамдық қоры, Маңғыстау облыстық қазақ күрес федерациясы және облыстық спорт басқармасы ұйымдастырушылық етті.
Дүбірлі додаға Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Алматы мен Түркістан облыстарының спортшылары қатысты. Турнирге әр облыстан 6 команда келді.
«Бұл сайыста Маңғыстау облысының намысын 79 палуан қорғады. Қатысушылар Жаңаөзен мен Ақтау қалалары, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия және Бейнеу аудандарынан келді», - дейді қазақ күрес және дзюдо бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қабыл Бисенқұл Темірханұлы.
Маңғыстау облысының қоржынына 55 келі салмақта М. Абдіхалықов, 60 келіде А. Сейілханов, 66 келі салмақта Жәңгірхан Шалқар, 82 келіде Төлеев Оразалы, 90 келіде А.Аманов, 100 келіде М. Жаңабай, +100 келі салмақта Н. Жарылғапов салды.
Ақкенже БЕРКЕНОВА