©
Биыл Маңғыстау облысында 6300 орындық 9 жаңа мектеп қолданысқа берілді. Тағы 4 мектептің (2200 орындық) құрылысы 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Демографиялық өсімнің жоғарылығына байланысты, ең маңыздысы үш ауысымдық оқытуды болдырмау. Оқушылар санының жыл сайын 6 мыңға артуын есепке ала отырып, 2019 жылға тағы 14 мектеп құрылысы республикалық бюджеттен қаржылындыруға қосымша ұсынылады», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Маңғыстауда 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші – 84%-тен 97%-ке артты. Облыс әкімдігі келесі жылы бұл көрсеткішті 100%-ке жеткізуді мақсат етіп отыр.
Брифингте облыс әкімі өзекті мәселенің бірі - студенттерді жатақханамен қамтуға да тоқталды. Ералы Тоғжановтың айтуынша, өңірде 1600 студент жатақханаға сұраныс білдірген.
"Тәуелсіздік мерекесіне орай 550 орындық 2 жатақхана пайдалануға беріледі", - деді Е.Тоғжанов.