Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығында бір топ мектеп оқушылары мен студенттер «Бас сардар» романының авторы Бектұр Төлеуғалимен кездесті. Автор белсенді жастарға кітабы туралы ой толғап, романының бас кейіпкері, халықтың батыры, Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының Адай руынан шыққан батыр Шотан Назарұлы туралы, әсіресе оның ерлігі туралы баяндады.
Айта кетейік, бұл кездесу «Лекториум жобасы» аясында жүзеге асырылып, жыл басынан бері жалғасып келе жатқан ауқымды шаралардың бірі.
Жиынға жастар Бектұр Төлеуғалидің кітабы негізінде түсірілген, тұсаукесері болатын деректі фильмнің аясында жиналды. Басқосудағы негізгі кейіпкер – Бектұр Төлеуғали. Мақсаты – Маңғыстаудың мықты батыр-бабаларының бірі Шотан батырдың көрсеткен ерлігі, үш жүздің басын біріктірген Аңырақай шайқасында көрсеткен қайсарлығын жастар арасында насихаттау, сол арқылы жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу болып табылады.
«Бүгінгі кездесуге дейін Сәуле Бердіханқызы, Сұңғат Мұңалбаев, Әділбек Ниязымбетов, Бақтияр Артаев сынды танымал азаматтарымыз осы жобаға қонақ болған. Жобаның Маңғыстауда пайда болғанына 2,5 жыл болды. Осы уақыт аралығында 100-ге жуық қонақты спикер қылыппыз. Мәселен, Әділбек Ниязымбетовтен бастап, осында ең соңғы «НұрШах» сәнүйінің негізін қалаушы Нұржамал Нұрпейісова қонақ болды. Жиынға арқау болып отырған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы. Осы мақсатта біз жастарға Шотан батырдың мәлім де беймәлім қырларымен таныстырмақпыз», - деді МО жастар жобалары және шығармашылық бөлімінің басшысы Мұқаш Оралбаев.
Оның айтуынша «Лекториум» жобасының негізгі идеясы – бір жағынан танымал тұлғалармен кездесіп, екінші жағынан елге ерен еңбегімен көзге түспесе де, расында еңбегі еленіп жүрген адамдармен пікір алмасып, тілдесіп, жүздесу.
Бектұр Төлеуғали ел қорғаған ер Шотанның ерліктерін кеңінен баяндап, белсенді жастарға тарихқа толы тағылымы мол әңгімесін айтып, өзінің өмірлік тәжірибесіндені ақыл-кеңесімен бөлісті.
«Жақсы оқыңыздар, білімді болыңыздар, ең бастысы адам болыңдар деймін. Өз кітабым туралы айтатын болсам, Аңырақай шайқасында ерен ерлігімен тарихта есімі қалған батырды біздің қазіргі ұрпақ, әсіресе маңғыстаулық жастарымыз жақсы біліп, тарихты терең танып білуі тиіс», - деді «Бас сардар» романының авторы Бектұр Төлеуғали.