2018 жылғы қыркүйекте ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы 28 690 теңгені құрады деп хабарлайды mangystaumedia.kz ақпараттық порталы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелген орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы 2018 жылғы қыркүйекте өткен аймен салыстырғанда 1,6%-ға төмендеді, ал 2017 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 12,1%-ға жоғарылады. Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі – 18,6%, сүт, тоң май өнімдері мен жұмыртқаны – 14,3%, жемістер мен көкөністерді – 13,3%, нан және жарма өнімдерін – 6,8%, қант, шай және дәмдеуіштерді 2%-ды құрады», - делінген хабарламада.
Ең төмен күнкөріс деңгейі – бір адамға арналған ең төмен ақшалай кiрiс (шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең). Ең төмен тұтыну себетi адамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жинағын білдіреді.